ОҚО-ның облыс орталығы атанғалы жатқан Түркістанда үй бағасы қымбаттап кетті
Шымкент ресми түрде мегаполис атанды. Жуырда ғана миллионыншы тұрғыны туылған шаһарға енді Алматы мен Астанадан кейін үшінші болып дербес қала мәртебесі берілмекші. Шымкентке мұндай атақ беру туралы Президенттің бастамасын күнгейдің шенеуніктері тайлы-таяғы қалмай құптап, тез арада мәслихат депутаттары қолдау білдірген. Енді тек Елбасы тиісті жарлыққа қол қойса болғаны, Шымкентке республикалық мәртебе беріліп, ал Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістан қаласына ауысады.
Автор: Бек Әбиев
06.06.2018
Шындығын айту керек, қатардағы облыс орталығынан мегаполиске айналып, тіпті республикалық қала мәртебесінің берілетіні шымкенттіктердің төбесінен жай түскендей сезіліп жатыр.Біреулер бұл жаңа мүмкіндіктер береді деп қуанса, екіншілері үйінен еншісін алатындай күй кешуде. Бұны шымкенттіктердің өздерінен сұрап көрдік.
- Мен өзім көп нәрсе күтіп отырмын. Енді Астана секілді көркейетін шығармыз.
Ресми түрде мегаполис атану үшін қалаға кем дегенде миллион тұрғын керек. Шымкентті нақ осы мегаполиске айналдыру қажеттігін Елбасы бірнеше жыл бұрын айтқан еді. Осыдан кейін біздің шенеуніктер Шымкентке жақын маңдағы ауылдарды қосты, демографияны көтерді, әйтеуір бас-аяғы 4 жылда қаладағы халық санын миллионға жеткізді. Миллионыншы тұрғын болып медицина және банк қызметкерлерінің отбасында мамыр айында туылған тұңғышы – Айсұлу Еламан есімді нәресте танылды. Жоғары межені бағындырғаны үшін оған тіпті облыс басшысы Жансейіт Түймебаев бүгін демеушілердің есебінен екі бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды.
- Әке-шешесінің еңбегі бар. Бірақ, миллионшы болып туылу бақыты Айсұлудың бақыты.
Шенеуніктер түйткіл болмайды деп сендірді. Әзірге Шымкентте отырған облыстық мәслихат депутаттары Түркістанға көшуді бірауыздан мақұлдады.
Енді Елбасы қол қойса болды, қазақтың рухани астанасы саналатын Түркістан өңіріміздің орталығы болып шыға келмек. Яғни бүкіл облыстық басқармалардағы мемлекеттік қызметкерлер үйреншікті орнынан 170 шақырым жердегі жаңа орынға көшуі керек. Алайда Жансейіт Түймебаев ешкім жұмыссыз қалмайды деп сендірді.
Жансейіт Түймебаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Шымкент республикалық дәрежедегі қала болғандықтан бұл жерде де қызметкер саны республикалық деңгейге өткендіктен көбейеді. Сондықтан да, ол мәселе болмайды. Екіншіден, Түркістанға қазір қарасаңыздар жер алушылар, үй алушылар, ғимарат сатып алушылар көбейіп кетті қазір. Үйдің бағасы көтеріліп кетті.
Ал облыс орталығын Түркістанға ауыстыруға бюджеттен қанша қаржы жұмсалатынын Түймебаев айтқан жоқ. Шымкентке республикалық мәртебенің нақты қай күні берілетіні де белгісіз. Бірақ тура бір айдан кейін болатын Астананың 20 жылдығына орайластырылады деген сөз желдей есіп жүр.
Бір қызығы, облыстағы жүздеген шенеунік пен мемлекеттік қызметкер Түркістанға көшер болса, миллионға енді жеткен Шымкент тұрғындарының саны сәл азайып қалайын деп тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!