Оралда пара алып жатқан шенеунік жасырын камераға түсіп қалды
Пара алуға бастығы итермеледі! Бүгін Оралда тәртіптік кеңес отырысында 200 мың теңге парамен ұсталған жергілікті басқарманың қызметкерінің мәселесі қаралды. Жазықсызбын деген ол өз әрекетін басшысының рұқсатымен жасағанын айтады. Тіпті оны жасырын камераға түсіріп алыпты.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
08.06.2018
Видеода Ішкі мемлекеттік аудит басқарма басшысының орынбасары Меңдібек Ақмалиевке қарамағындағы қызметкері қаржылық аудиттегі былықтарға көз жұма қарау үшін, «200 мың теңге пара береміз» деген ұсыныс түскенін айтып тұр. Ал, шенеунік болса мән-жайды толық білген соң, «ойланып көрейік» дейді. Жасырын камераға түсіріп тұрған қызметкер осы видео арқылы тәртіптік кеңес отырысында жазықсызбын деп ақталды. Соған қармастан әкімшілік сот әйелді айыпты деп тауып, ірі көлемде айыппұл салған. Ал, оның бастығы сүттен ақ, судан таза болып шықты. Дегенмен, ұлттық бюроның өкілдері әлгі шенеунікті қызметінен босату туралы ұсыныс жасады. Себебі, мемлекеттік қызметкер пара алынғалы жатқанын алдын-ала білген әрі пара алу жолдарын басқарма ішінде емін еркін талқылаған.
Серік МҰСТАФИН БҚО мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының басшысы:
-Ақмалиевтің әрекетінен заң бұзушылық анықталды. Жемқорлық мәселесіне қатысты әңгіме қозғалса, басшы қарамағындағы қызметкерді жазалау керек. Енді ішкі мемлекеттік аудит басқармасы жіті бақыланатын болады. Барлық қызметкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ал, пара алып жатқанда құрықталған қызметкер 12 миллион теңге айыппұл төлейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!