Таразда басқа жер таппағандай, тура көпқабатты үйдің маңына монша салмақшы
Қала басшыларының бұған қалай рұқсат бергені түсініксіз. Ал тұрғындар аулада моншаға салынуына үзілді-кесілді қарсы. Наразы жұрт нысан тұрғызылса санитарлық талаптың бұзылуы өз алдына балалар алаңқайдан айырылып қалады деп отыр. Сондықтан олар құрылыстың тоқтатылуын талап етті.
Автор: Руслан Әбдіхалық
08.06.2018
Міне, мынау тыныш жатқан жұртты тулатқан, ұлардай шулатқан монша құрылысы. Көпқабатты үйдің ауласындағы бос жатқан жерге көз тіккен мердігер зәулім ғимарат тұрғызуды ұйғарыпты. Алайда бизнесменнің бұл бастамасы бұқараның ашуын туғызды.
Әзизат Мырзахметова, Тараз қаласының тұрғыны:
-Бұл не деген масқара! Ана жақта тұр монша, мына жақта тұр монша, бізге керегі жоқ. Соққызбаймыз!!
Жұрттың айтуынша, монша салынса кедергілер көбейеді. Аула тарылып, кіріп-шығу қиындайды. Оның үстіне төңірек ластанып, санитарлық талап та өресекел бұзылайын деп тұр. Сондықтан тұрғындар жабылып, қалай да нысанды салғызбауға тырысуда.
Құрманғазы Мүсір, Тараз қаласының тұрғыны:
-Балалардың ойнайтын жері болуы керек қой. Неге төрт үйдің ауласына монша салады? Біздің құқығымыз қайда? Неге бізбен санаспайды, ақылдаспайды. Осы жерде өмір бақи біз тұрамыз ғой. Келеді де монша салады. Ол антисанитария, қоқыс болады. Машиналар келеді. Проходной двор болады ғой.
-Монша салынатын алаң қазір қаңылтырмен тегіс қоршалған. Мұнда құрылыс жұмыстары осы дау шыққаннан кейін әлі басталған жоқ. Бірақ іс қолға алынса балаларға қиын болады дейді бұқара. Өйткені осы балалар алаңқайы жойылып кетуі мүмкін екен.
Тараздағы құзырлы мекемелердің бұл жерде монша салуға қалай рұқсат бергені көпшілікке беймәлім. Ал мердігердің сенімді өкілі ойын алаңы картада жоқ деп сендірді. Ол сатып алынған жерге монша салуға хақысы бар екенін айтады. Оның үстіне осы нысан үшін тиісті рұқсатты алған көрінеді. Сондықтан құрылысты биыл бастап, келесі жылы аяқтауды жоспарлап отыр.
Алексей Новиков, кәсіпкердің сенімді өкілі:
-Қазір құрылысты бастау үшін барлық құжаттарымыз дайын. Жұрттың наразылығын түсінбедік. Жауапты мекемелердің барлығы бізге рұқатын берген. Сондықтан монша салуымызға толық негіз бар.
Бұл наразылықтың соңы немен аяқталары әзірге белгісіз. Тұрғындар тиісті орындарға арыз жазып, жауабын күтіп отыр. Сотқа да шағым түсіріп қойған. Бірақ кәсіпкер ешкімнің қас-қабағына қарап отырмайтын тәрізді. Құрылыс бүгін-ертең басталмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!