Ақтауда түн ішінде ыдыс-аяқты қиратқан интернат директоры қызметінен шеттетілді
Ескерту жанжалға ұласты! Ақтауда мүгедек балаларға арналған интернат директоры қызметкерлерін тәртіпке саламын деп өзі қызметінен уақытша шеттетілді. Себебі, түн ортасында бала күтушілердің ыдыс-аяқтарын сындырып, шектен шыққан басшының әрекеті әлеуметтік желіге тарап кеткен. Камераға түсірген қызметкерлердің айтуынша, жаңадан келген директор қол астындағыларға күн көрсетпейді екен.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
11.06.2018
Түн ортасында қызметкерлерін жерден алып, жерге салып, ыдыс-аяқтарын сындырып жүрген психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арналған интернаттың директоры. Балалар су ішетін бөлмеде басшы қолына тигенін лақтырып, қарамағындағы қызметкерлерді тәртіпке салуда. Ал, осы жайттарды камераға түсіріп алған бала күтуші Эльмира Аманова директордың қысастығынан әбден мезі болдық деп налиды.
Эльмира АМАНОВА бала күтуші:
-Бұл біздерді қыспаққа алды. Отырма, тұрма деп. Маған түнде хабарласып камера алдында отыр дейді. Мен ауру балаларды қараймын. Қалай отырамын? Жұмыс істеу керек. Сосын түнде келіп, осындай жағдай болды.
7 маусым күні болған оқиға әлеуметтік желіде лезде тарағаннан кейін долданған директор қызметінен уақытша шеттетілді. Басшы мен қызметкерлер арасындағы кикілжің тамақты тек арнайы бөлмеде ішу керек дегеннен басталған. Алайда, басшының ескертуін еш жан елемей, оның арты жанжалға ұласыпты.
Қарашаш НҰРМАМЕДОВА, Маңғыстау облысы әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту басқарма басшысының орынбасары:
-Бөлмедегі тамақтардың барлығын қызметкерлер сол жерге апарып, тамақ ішкен. Директор қызметкерлер мені тыңдамайды, ешқандай шара қолданбайды. Бірнеше рет айттым сонда да тыңдамады, сосын осындай әрекетке мәжбүр болдым деп түсіндірді.
Интернат ұжымының басым көпшілігі директордың жұмысына оң баға берді. Айтуларынша, талапшыл басшы келгелі мекемеде тәртіп пен тазалыққа аса мән берілетін болған.
Жанат ИМАНҚҰЛОВА бала күтуші:
-Ол директор талап қоя біледі. Еш кемшілік көрген емеспіз. Балаларда киім, тамақ барлығы жеткілікті. Интернатта тазалық пайда болды.
Енді арнайы құрылған комиссия айғай-шудың шығу себебін анықтамақ. Жарты жыл бұрын директорлыққа тағайындалған әйел өз орнын сақтап қалу, қалмауы комиссия қорытындысынан кейін белгілі болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!