"Айтпады демеңдер": Бақытжан Сағынтаев қарамағындағыларға қатты шүйлікті
Өйткені небәрі бес айда игерілмей жатқан қаражат көлемі премьер-министрді шошытып жіберген. Қайда жұмсаларын білмей, дағдарып тұрған теңгенің көлемі жүз миллиардтан асып жығылады. Министрлердің баяу қарқынынан қорыққан Сағынтаев дереу пайдаға асырмасаңдар ақшаны қайтарып аламыз деп салды.
Автор: Ербол Тұрымбет
12.06.2018
Бүгін Үкіметте Бақытжан Сағынтаевтың даусы қатқыл шықты. Бүкіл министр бюджеттің 5 айлық қорытындысын жасау үшін жиналған еді. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов әріптестерінің былығын ашып берді.
-Сұлтановтың есебіне қарасақ, биылғы 5 айда 58 миллиард теңге уақытылы игерілмей жатыр. Оның ішінде Қорғаныс министрлігі 17 миллиард теңгеден астам қаражатты әлі жаратпапты. Ауыл шаруашылығы министрлiгi 8 жарым, ал 7,8 миллиард теңгені Мәдениет және спорт министрлігі пайдаға асырмаған. Бұл ақшаның бәрін тізімде тұрған министрліктер жыл басында аттай қалап сұрап алған.
Қаржы министрінің айтуынша, бұдан бөлек, республикалық бюджеттен бөлінгенімен, қайда жұмсалатыны әлі нақтыланбаған тағы 97 миллиард теңге бар.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
-Оның ең ірісі 84 млрд. теңгесі Инвестиция және даму министрлігі бойынша 25 автожол жобаларының құрлысын салуға келеді. Өткен жиналыста айтылғанындай, 13 жобаға бөлінген 43 млрд. теңгенің игерілмеу қаупі бар.
Сұлтановтың цифрларды құдды бір калькуляторға салғандай есептеп беруі сол екен, ауада қалқып тұрған осынша қаражат Сағынтаевтың шамына тиді.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:
-Бізде, міне, қараңыз, жүз миллиардтың үстінде бос қаржы тұр игерілмей. Экономикаға жұмыс жасамайды. Одан да осыны аламыз да керек салаға береміз. Есеп беру кезінде бәрін қатырып жатырмыз деп айтамыз. Одан соң бәрі қалады. Айтпады демеңіздер, құрметті әріптестер.
Одан бөлек, құрылыс саласы да оңып тұрған жоқ. Республикалық маңызы бар нысандарға 275 жарым миллиард теңге бөлінсе, соның тек 42 миллиарды ғана игеріліпті. Қалған 233 миллиард теңгені министрліктер оңды-солды шашпай, мақсатты жеріне алдағы жарты жылда жұмсап бітуі тиіс. Бірақ оған Сағынтаев сенбейді.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:
-Мәдениет министрлігі визит орталығын соғам дегенше, туристік маусым өтіп кетеді. Әлі конкурс өтпеген, жобалық құжаты жоқ. Онда неменеге ақша сұрады? Тек қана бізді ұстап отырған құрылыс саласы. Соған байланысты, Бақыт Тұрлыханұлы, алты айдың қорытындысы бойынша, кімде орындалмай жатыр, бүткіл қаржының бәрі алынады.
- Бүгінгі Үкімет отырысындағы Сағынтаевтың қатаң ескертуі министрлермен бірге, өңір әкімдерін де тығырыққа тіреді. Өйткені, игерілмеген қаражат қайтарып алынса, әкімдер халық алдында қарабет болады. Яғни, елге уәде етілген көлік жолдары салынбайды, ауылдарға ауыз су жетпей қалады. Ал мұндай кемшіліктің бәріне әкімдер ел алдында да, Елбасының алдында да өздері жауап беруі керек деді премьер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!