Алматыда түтінге тұншыққан халық шу шығарды
Күлге тұншығып, таза ауаға зар болдық. Алматыдағы ТЭЦ-2 жылу қазандығының жанындағы саяжай тұрғындары осылай шу көтерді. Айтуларынша, қазандықтықтың қалдығы төгілетін аумақтан жел тұрғанда күл көтеріліп, төңірек тұманданып кетеді. Қауіпті құбылысты тезірек тоқтатпаса дертке шалдығамыз деп зар илегендер, жаз басталғалы далаға шығудан қалдық дейді. Бір қызығы, мəселеге жауапты мекеме экологиялық ахуалға кəдімгі желді кінəлап, қолдан келер қайран жоқ деп отыр.
Автор: Мақсат Мәлік
13.06.2018
Күзетшілермен тəжікелескен тұрғындар, шыдамдарының таусылғанын айтады. Себебі, таза ауа жұтуға зар болдық дегендер, сан мəрте құзырлы мекеменің табалдырғын тоздырыпты. Бірақ, ашынған жұрттың жан айқайын естір құлақ табылмаған.
Виктор Колониченко, саяжай тұрғыны:
-Қалай тазартып жатқанын барып көрелік. Неге шаң басып, күл ұшып жатыр? Өйткені, заңды белшесінен басып жатыр. Бәрі ашық жатыр.
-Біз тұрған жер стратегиялық маңызды нысан саналғандықтан, əрі қарай аттап басу мүмкін емес. Себебі, шамамен елу метр жерде жылу электр орталығынан шыққан күл араласқан су төгілетін екі аңғар бар. Тұрғындардың айтуынша, бұл аймақта техникалық талап пен сақтық шаралары сақталмайды екен. Соның кесірінен жел тұрғанда саяжайды күл басып қалады.
ТЭЦ-2 жылу қазандығына жапсарлас саяжайда 300-ге жуық түтін бар. Жел көтерілгенде төңірек тұманданып, күлден көз ашпайтын тұрғындар есік-терезені қымтап, далаға аттап баспаймыз дейді. Ал, жыл басынан бері əбігерге салған қауіпті құбылыс соңғы 3 күнде 4 рет қайталанған.
Наталья Дрейт, саяжай тұрғыны:
-Тарихтағы жанартау атқылаған Помпей қаласы сияқтымыз. Себебі, жылу қазандығы техникалық талаптарды орындамайды. Жел тұрғанда маңайға тарамас үшін, қалдық күлге су төгіліп отыру қажет.
Надежда Леонова, саяжай тұрғыны:
-Тыныстайтын ауа жоқ. Бақшамыз да қурап бітті. Улы қалдықтан қорқып, немерелерімізді басқа жаққа жібердік.
Тұрғындар жылу қазандығынан тараған улы қалдықтан денсаулығымыз зиян шегіп, түрлі дертке шалдығамыз ба деп қатты қауіптенеді. Ал, мəселеге жауапты құзырлы мекеме өкілдері, бар кінəні табиғаттың тосын мінезіне аудара салды.
Рамиль Галиев, «Алматы электр станциялары» АҚ бас инженерінің экология бойынша орынбасары:
-Ол жерде мердігер компания жұмыс істеп жатыр. Барлығы талапқа сай. Ал, қатты жел соққанда, күл бәрібір көтеріліп кетеді. Оған қарсы ештеңе жасай алмаймыз.
Бұдан бұрын экологтар ТЭЦ-2 жылу қазандығы Алматыдағы ауаны ластаушылардың көшін бастап тұр деп, дабыл қаққан еді. Себебі, газға ауыспаған орталық, əлі күнге дейін көмір жағады. Ал, жылу маусымы аяқталса да күлге тұншыққан тұрғындарға, енді желдің бағытын аңдығаннан басқа амал жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!