Елімізде тегін таратылуы тиіс дәрі сырқаттарға жетпей жатыр
Ал жақында менингит меңдеп өткен Алматыдағы дәрігерлердің енді дәріні ойлап басы қатуда. "СҚ-Фармация" компаниясы еліміздегі медициналық мекемелерді жаппай тексеруді осы мегаполистен бастады. Себебі, мемлекет есебінен тегін берілуге тиіс дәрі-дәрмектер оған зәру науқастарға жетпей жатыр екен. Дәрігерлер тапсырыс көлемін дұрыс есептемейді деп, емдеу мекемелеріндегі былықтың бетін ашамыз деп келген комитеттегілердің өздерін састырды.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
14.06.2018
Фармация комитетінің өкілдері таңнан бері Алматыдағы емдеу мекемелерінің қызметкерлерін аяқтарынан тік тұрғызды. Жауаптылар дәріхана мен қоймаларға бас сұғып, тегін берлетін препараттарды түгендей бастады. Ал, оңтайлы сәтті ұтымды пайдаланған ақ халаттылар науқастарға ауадай қажетті дәрілер уақытылы жеткізілмейді деп мұңдарын шақты. Қазақстанда биыл тұрақты есепке алынған жүрек талмасы, қант диабеті және басқа да созылмалы дертке шалдыққандарды тегін дәрімен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 126 миллиард теңге бөлініпті.Соған қарамастан шалғай ауыл-аймақтағы мыңдаған науқас дәріге зәру.
Шолпан Аюпова , "Орталық клиникалық аурухана" АҚ вице-президенті:
-Науқастарға тиісті дәрі тауып беру алғашында қиынға соқты. Оның бірнеше себебі бар. Ең алдымен, адамдар бір емханадан екінші емханаға барып тіркеледі. Екіншіден дәрі-дәрмектер тым кеш келеді.Сосын олардың аурулары асқынып, шу шығаратыны содан. Бірақ бұл мәселе шешілетініне сенеміз.
Қалалық емханаларды аралап, кінәлілерді іздеп жүрген комитет өкілдері өздеріне шаң жуытар емес. Барлық сұранысты толығымен орындау үшін дәрі жеткізетін компанияның баяу жұмысы қолбайлау деп ақталмақ болды. Одан соң дәрігерлер тапсырыс бергенде препараттардың санынан жаңылысады деп тағы бір сылтау тапты.
Берік Шәріп «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасының міндетін атқарушы:
-Біз түсінуіміз керек. Кейбір аудандарға тиісті дәрілер көп, кейбір жерлерге аз беріліп жатыр. Мысалы, инсулинді алайық. Оның атау бойынша түрлері кей жерлерге аз жетіп жатыр. Кейде артығымен. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жұмыс істеп жатырмыз.
-Осылайша, комитет пен емдеу мекемелері кінәні бір-біріне артумен болды. СҚ-Фармация өкілдерінң сөзіне сенсек, жаны қиналған науқастар екі-үш айдан кейін дәрі-дәрмектен таршылық көрмейді. Оған дейін жыл басынан бері дәрі таппай зар илеп жүрген науқастардың күні не болары белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!