Павлодарда жоғалған қызын әрең тапқан ана полицейлердің әрекетіне күйінді
Павлодарда мүгедек қызын қаңғыбастарға арналған мекемеден тапқан әйел бұған жол берген полицейлерге өкпелі. Тамара Швагерустың айтуынша, 30 жастағы Евгенияны тәртіп сақшылары бейімдеу орталығына 3 тәулік қамап тастаған. Ақыл-ойында кемістігі бар қызын сол жерден тапқан анасы, оның мекемеде жай жатпай, еден жуғанын естігенде әбден шошыған. Ал Евгенияның қаңғыбастармен көше кезіп жүргенін айтқан полицейлер ол негізі адасып кеткен дейді. Сондықтан арнайы мекемеге жеткізуден басқа амал таппапты.
Автор: Әйгерім Шакаманова
15.06.2018
Тамара Швагерус жоғалған қызын ұзақ іздеп, жанын қоярға жер таппағанын айтады. Сөйтсе, ақыл-ойында кемістігі бар Евгенияны тәртіп сақшылары көшеден ұстап алып, тұрақты мекенжайы жоқ адамдарға арналған мекемеге қамап тастапты. Қызын әрең тапқан әйелдің мұндайға жол берген полицейлерге өкпесі қара қазандай.
Тамара Швагерус, Павлодар қаласының тұрғыны:
– Көшеден ұстап әкетіп, еш себепсіз үш күн қамауда ұстаған. Барсам қызым сонда отыр. Ақша беріп, дүкенге жіберген едім. Аулада жүрген балада не шатақтары бар?Не бүлдірді, неге қамауға алдыңдар деп сұрасам, ешкім жауап бермейді.Бұл не деген бассыздық?
Осылай деген әйел қызының мұндай оқиғаға бұған дейін де ұшырағанын айтады. Аулада серуендеп жүрген Евгенияны көктемде полицейлер түк айтпастан салып әкетіпті. Көп ұзамай үйге оралған қыз мұны анасына баяндап берген. Ал соңғы рет қамалғанында тәртіп сақшылары оған мекеме ішінде еден жудыртқан дейді.
Евгения Швагерус, бала кезінен мүгедек:
–Олар мекеме ішінде еден мен ыдыс-аяқ жудыртып, мені мазақ қылды. Үйге жіберіңдерші деп айттым. Бірақ, бұған мән берген ешкім жоқ.
Полицейлер болса, өздеріне шаң жуытар емес. Көшеде еш құжатсыз жүрген қызды адасып жүргендіктен алып кетуге мәжбүр болдық дейді.
Аман Әбілбейісов, Тұрақты мекен-жайы, құжаттары жоқ адамдарды қабылдау-орналастыру орнының басшысы:
– Азаматша көшеде қаңғыбастармен бірге жүрген. Полицейлерге жеке куәлігімді жоғалтып алдым, тұратын жерім жоқ деген.Тиісті тексеруден өтіп, жеке басын анықтаған соң, оны босатып жібердік. Екі күн тұрақты мекенжайы жоқ адамдарға арналған мекемеде болды.
30 жастағы Евгенияның өзі бала кезінен микроцефалия дертіне шалдыққан екен. Екінші топтағы мүгедек қыз өзіне еден жудыртқан полицейлердің есімдерін ғана білемін деп отыр.
-Сандалған әйел қызы қайта жоғалып кеткен жағдайда қайдан іздейтінін біледі. Бірақ, полицейдердің енді оны қаңғыбастармен шатастырмауын сұрап отыр. Ал кезекті рет қамауға алатын болса, тәртіп сақшыларының үстінен прокуратураға шағым түсірмекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!