«7-20-25»: Алғашқы несие шілде айынан бастап беріле бастамақ
Тұрғын үй алу үшін арзан несиеге қол жеткізетін күн жақын қалған сияқты. Ұлттық банк «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын бекітті. Жоспар өзгеріп кетпесе, ол келесі айдан бастап іске асуы тиіс. Ал жарнамасы жер жарып тұрған мемлекеттік бағдарламаны жаңадан құрылған «Баспана» ипотекалық компаниясы жүргізеді.
Автор: Ербол Тұрымбет
19.06.2018
Оған бастапқы капитал ретінде зейнетақы қорынан 200 миллиард теңге бөлінген. Кейін қор нарығынан бағалы қағаздар нарығы арқылы триллион теңгеге дейін ақша тартып, ол екінші деңгейлі банктерге үлестіріледі. Сөйтіп, ол ақшаны жұрт несие қылып алып, үй сатып алады. Бағдарламаға басында баспанасы жоқ кез-келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Тек тұрақты табысы болуы керек. Ал саудаға жаңадан салынған үйлер ғана түседі. Яғни, ескі үйлер бағдарламаға қатыспайды. Ал баспана иеленудің тәртібі мынадай: алдымен 20 пайыз бастапқы жарнасын құяды да қалған бөлігін 25 жылға дейін 7 пайыздық үстемемен төлей алады. Несиеге берілетін үйлер қалтаға қолайлы болуы үшін әр аймаққа шекті мөлшер енгізілген. Мәселен, Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында үй бағасы 25 миллион теңгеден аспауы керек. Ал басқа өңірлер үшін ең жоғарғы құн – 15 миллион теңге деп белгіленген.
Олег Смоляков, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:
-Бағдарламаны шамамен шілде айында іске қосамыз деген ойымыз бар. Өйткені қатысушы банктермен келісім-шарттарды рәсімдеп болып қалдық. Сонымен бірге, заңға қажетті толықтыруларды бекітіп алуымыз керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!