Түтінге тұншыққан оралдықтар аурудан көз ашар емес
Түтінге тұншықтық! Орал қаласының тұрғындары қоқыс алаңынан шыққан қара түтіннің кесірінен тыныстай алмай отырмыз дейді. Себебі, тұрмыстық қалдықты тастайтын полигоннан жыл сайын өрт шығады екен. Жағымсыз иіс пен будақтаған қара түтіннен мезі болғандар өрттің алдын алу жұмыстары тым кеш жүргізілетінін айтады. Ал, бұл мәселені шешуге жауаптылар асығар емес.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
20.06.2018
Орал қаласынан 7 шақырым қашықтықта орналасқан қоқыс алаңынан тұтанған жалынның түтіні екі күннен бері басылар емес. Тұрмыстық қалдықтардан будақтаған қара түтін қаланы жайлап, тұрғындардың әбден мазасы қашқан.
Николай ХАРЧЕВ Орал қаласының тұрғыны:
-Осындай ыстық күнге енді түтін қосылды.Демалу мүмкін емес. Денсаулығымызға алаңдаймыз. Күнде түтін жұта берсең, ауру боласың ғой.
Елена СЕРГЕЕВА Орал қаласының тұрғыны:
-Түнде оянып, тереземізді аша алмаймыз. Себебі, үйдің іші ыс сасып кетеді. Полигон деген қалаға жақын болмау керек. Барлығымыз уланамыз. Мына алаңды жабуды талап етеміз.
Ал, тым кеш қимылдаған жауаптылар өртті сөндіруге 10 арнайы техника жұмылдырыпты. Алайда, түтінді ауыздықтау мүмкін болмай тұр.
Мейіржан НҰРТАЗИЕВ Орал қалалық ТКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
- Алдағы уақытта қалдықтарды бөлеміз. Бөліп, кәдеге жарату жұмыстары атқарылады.
Қыс бойы қар астында шіріген қоқыстан газ бөлініп, ол жылда осылай өртенеді екен.Тұрғындардың бас ауруына айналған бұл мәселе бүгін-ертең шешілуі нейғайбыл. Себебі, атқамінерлер қоқысты іріктеп, оны өңдеу ұзаққа созылатынын жеткізді. Сондықтан жұртқа әлі де біраз қолқаны қабатын иіспен тыныстауына тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!