Таразда тірідей жанып кете жаздаған ұлдың анасы сұмдық оқиғаға көрші үйдің балаларын айыптады
Таразда сұмдық жағдай болды! Алты жастағы бала оңбай күйіп қалған. Тірідей жанып кете жаздаған жеткіншектің анасы оның үстіне көрші үйдің балалары әдейі от қайған деп есептейді. Сондықтан ол бұзақылар мен олардың ата-анасын қатаң жауапқа тартқызуды талап етуде.
Автор: Руслан Әбдіхалық
21.06.2018
Таразда болған оқиға көпті шошытып тастады. 6 жастағы бала көшеде жүріп отқа оранған. Оны туған ағасы дер кезінде байқамағанда тірідей жанып кетуі мүмкін екен. Жанұшыра айғайлаған бауырының дауысын естіген ол дереу жетіп жотасындағы лапылдаған өртті сөндірген. Зардап шегушінің анасы бұл жағдайға көрші үйдің 7 жастағы екі баласы кінәлі дейді. Яғни ауылдастың егіз ұлы Максимге әдейі бензин шашып от қойды деген пікірде.
Вера Легостаева, Максимнің анасы:
-Есін жиғаннан кейін ұлымның өзі айтты. Рома дегені Максимнің үстіне бензин шашып жіберген. Артынша Данил сіріңкені тұтатып лақтырған. Қойыңдаршы деп жалынған, бірақ олар дегендерін істеген.
Вера Легостаева көршісінің жанармай бекетінде оператор болып істейтінін айтады. Сондықтан балалары бензинді үйден алып шыққан дейді. Сондай-ақ олардың бұзақылықпен көзге түсуі бірінші рет емес деп отыр.
Вера Легостаева, Максимнің анасы:
-Менімше бұл балларды ата-анасынан ажыратып, арнайы тәртібі нашар балалар оқитын мектепке беріп, әке-шешесін де қатаң жазалау керек. Мұндай жағдай шетелде болса, дәл осылай жасар еді.
Ал Наталья тентектері үшін ұялды ма, бет-жүзін көрсеткісі келмеді. Перзенттерін ақтап әлекке түсті. Айтуынша, Максим байқаусызда өзін-өзі өртеп алған.
Наталья:
-Бұны қанішерлік, әдейі істеді деп айтуға келмейді. Олар ойнап жүріп, ішінде сұйықтығы бар құты тауып алған. Ішіндегісін екінші ыдысқа құйып сапырған. Осы сәтте өрт шыққан болуы мүмкін.
Денесінің 18 пайызы күйіп қалған Максим үш күн жансақтау бөлімінде жатып, жалпы палатаға бүгін шықты.
Әбілсейіт Сыдықов, Тараз қалалық №2 ауруханасы күйік бөлімінің меңгерушісі:
-Баланың бүгінгі жағдайы тұрақты ауыр болып саналады. Бір аптадан кейін бала екінші кезең операцияға дайындап жатырмыз. Ол операция денедегі күйген терілерді тазалап алу. Сосын үшінші этапы ол жерге басқа теру жабыстыру.
-Максимнің анасы қанша тырысқанымен баласына жәбір көрсеткендер жазасыз қалатын түрі бар. Өйткені олар кінәлі болғанның өзінде, жасы жетпегендіктен жауапқа тартылмайды. Дегенмен істің ақ-қарасын анықтау үшін дерекке қатысты тергеу жұмыстары жүруде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!