Жезқазғанда екінші мыс балқытатын пеш іске қосылмақ
Осылайша Балқаш пен Жезқазғандағы зауыт жылына 500 мың тоннаға дейін мыс қорытпақ. Нәтижесінде экспорттағы әлеуетіміз одан әрі алға басады деген үміт бар. Айта кетейік, биыл Балқаштағы алғашқы мыстың қорытылғанына 80 жыл.
Автор: Асқарбек Қазанғап
22.06.2018
Қайнаған қазан. Зауыт іші құдды жанартаудай. От болып сарқыраған мыс қалыбына сәт сайын құйылып жатыр. Қорғасын мен мырыштан селен, теллур тұзына дейін шығаратын зауыт Қазақстанның металлургия саласындағы ірі кәсіпорын.
-Біз тұрған Балқаш мыс қорыту зауытының тарихы әріде жатыр. Осыдан 80 жыл бұрын бірінші балқаштық концентрат шығарылды. Осылайша 1938 жылы алғашқы пеш іске қосылып, өндіріске жол ашылды.
Балқаштағы зауыт жылына 220 мың тонна мыс қорытады. Қазақстаннан бөлек, шақпақ мыстың шапағы әлемнің шартарабын шалған. Зауыт құрылғалы 12 миллион тоннандан астам мыс шығарылған.
Марат Әубәкіров, зауыттың өндіріс бойынша директоры:
-Біз өндіріс көлемін арттырсақ деген алға жоспар қойып отырмыз. Корпорацияға қарасты Жезқазғандағы зауытта екінші пеш іске қосылса онда жылына кемі 220 мың, ал Балқаштағы зауытта 250 мың тонна мыс шығарамыз деген ойдамыз. Көрші елдердегі әріптестерімізбен үнемі тәжірибе алмасып отырамыз. Корпорацияның салаға серпін берер жоспары мен жобалары көп.
Балқаш металлургтердің шаһары атанып кеткен. Халықтың негізгі бөлігі нәпәқасын осы жерден табады. Зауыттың жұмысын еңсеру екінің бірінің қолынан келмес.
-Өндіріс ошағына әр жұмысшы мынадай көзілдірікпен кіруге міндетті. Әрі мынадай арнайы бетпердесіз жұмыс істеу мүмкін емес.
Бүгінде корпорацияның екі зауытында бес мыңнан аса жұмысшы бар. Қазанмен өмірі біте қайнасқан қызметкердің бірі Қуанышбек Орденбек. Еңбектің ауырлығына қарамай, жұмыстан кейін спортпен айналысуды көбі серік еткен.
Қуанышбек Орденбек, зауыт қызметкері:
-Өзіміз үшін денсаулығымыз үшін аптасына 3-4 рет жаттығу залына барамыз. Елдің бәрі айтады жас көрінесіз деп.
Биыл Балқашта алғаш мыс қорытылғанына 80 жыл. Өндіріс өлкесі айтулы мейрамға орай бір айға созылатын мәдени-спорттық шараны бастап кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!