Алматы облысында жағымсыз иіске тұншыққан жұрт шу шығарды
Алматы облысы Жаркент қаласының тұрғындары жағымсыз иістен тұншығып отырмыз деп дабыл қағуда. Бет аузын тұмшалаудан мезі болған жұрт далаға шығудан қалыпты. Қалаға талай сарапшылар келіп зерттеулер жүргізгенімен, қолқаны қабар иістің қайдан шығып жатқанын дөп басып ешкім айта алмаған. Ал жергілікті халық бұны жуырда салынған крахмал-сірне зауытынан көріп отыр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
22.06.2018
Мына жиналған халық қолқаны қабар иіспен тыныстаудан мезі болдық дейді. Әсіресе, күн ысығанда жағдай ушыға түскен.
Ырысалар Розыбакиева, Жаркент қаласының тұрғыны:
- Иіс келе бастаса менің екі аяғым дірілдей бастайды. Ойбай, жабыңдар есікті, терезені дейміз. Адамды улап өлтіретін иіс.
Тұрғындар жағымсыз иіс осында тұрғызылған зауыт іске қосылғалы пайда болды дейді. Жүгеріден крахмал мен сірне өндіретін кәсіпорын өз қалдықтарын қаланың кәріз жүйесіне ағызып отырады екен. Шенділер де сарапшылар шақырып, химиялық қалдықтардағы қышқылдың мөлшері тым жоғары екенін анықтаған.
Арман Тазабеков, Панфилов аудандық ТКШ бөлімінің басшысы:
- Зауыттан шыққан иіспен химиялық құрамы сәйкес келмейді. Олардың өздерінде біздің КОС-тың жұмыс істеуіне сәйкес келетін құрамға келтіріп, бізге жіберу керек. Одан кейін ғана біз оны қабылдай аламыз.
Ал зауыт басшылығы өздеріне шаң жуытар емес. Айтуларынша, олардың қалалық кәріз жүйесіне құятын калдықтарының мөлшері шаһар тұрғындарыныкіне қарағанда өте аз. Зауытқа талай рет экологтар мен сарапшылар келіп, санитарлық талаптардан ауытқу таппапты-мыс.
Виллиам Халиков , зауыт директоры:
- Қалалық су жүйесі күніне екі жарым мың текше метр қалдық су қабылдайды. Оның 200 текше метрі ғана біздікі. Бұл он пайызға да жетпейді. Бәріне өздері кінәлі. Иіс химиялық емес, органикалық, яғни табиғи заттардың шірігенінен пайда болған. Ендеше, оның себебін өздерінен іздесін.
Жаркентте осы мәселеге қатысты арнайы комиссия құрылыпты. Оған экологтармен бірге шенділер және жергілікті белсенділер кірген. Қоғамдық тыңдаулар кезінде де жұрт зауыт өзінің қалдықтарын төгетін бөлек жүйе салып алсын деген талап қойған екен. Ол салынғанша, жұрттың қолқаны қабар иіс жұтып, таза ауа армандауынан басқа амалдары жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!