Ақтөбеде Сазды өзеніне экологиялық апат қаупі төнді
Ақтөбенің қақ ортасынан ағып жатқан Сазды өзені тартылып жатыр. Осыдан он жыл бұрын Ресей мен Қазақстан самиттінің кезінде әкімдіктегілер арнасын бұрып, жағасын таспен қалаған еді. Қалаға көрік беретін демалыс орны болады деп жоспарлаған. Қазір керсінше толтыруға су таба алмай, кеуіп жатыр. Мамандар бұл мәселені шұғыл қолға алмаса арты экологиялық апатқа әкеледі деп дабыл қағуда.
Автор: Жаңалық Ахаш
22.06.2018
Қаланың қақ ортасындағы бұл өзеннің жағасына ешкім жоламайды. Суы тартылғалы бері, балдырлар шіріп жатыр. Күлімсі иіс қолқаңды қабады.
Майра Орынғали, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Айналасы таза болып, суы молайса жақсы болар еді. Демалуға келген уақытта көңілің кішкентай түсіп кетеді қараған уақытта тазалық жағдайы сақталмағандықтан.
Әсет Мұратов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Демалыс орны болғаннан кейін демалуға келмейді. Су болғасын ағып тұрғаны жақсы. Бұрын фонтандары бар еді. Фонтан да жоқ. Су шіріп жатыр.
Осыдан тура он жыл бұрын Сазды өзенінің арнасын осы жерге бұрып, жағасын таспен өріп еді. Қазақстан мен Ресей президенттерінің кездесуі қарсаңында жергілікті шенеуніктер тұрғындарға жайлы демалыс орны болады деп сүйіншілеген. Бірақ экологтар аймақтағы су қорын зерттемегендіктен соңы осылай болып отыр деп ашынады.
Александр Мандрыкин, эколог:
-Өзен де тыныс алып тұруы керек. Кезінде жағасына тас қалап, бетон құйып тастады. Табанындағы бұлақ көздерін ашу керек еді. Осының бәрі техникалық шешімнің дұрыс қабылданбауынан. Қазір Ақтөбе облысында су қоры азайып барады. Жеті жылдан соң табанында бір тамшы да қалмайды.
Сазды өзенінің арнасын тазартуға жылына 25 миллион теңге қазынадан бөлінеді. Шылауын алғанмен, тұрған судың борсып кететіні белгілі. Ал оның арнасын толтыруға су таба алмай отырғандарын шенеуніктер де мойындады.
Хасен Юсупов, Ақтөбе қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
-Мынаны толтыратындай мөлшерде су жіберуге биылғы ауа райына байланысты судың аз болғандықтан ондай көлемде су жібере алмайды.
-Қаланың қақ ортасындағы мына Сазды өзенін толтыру үшін енді Елек өзенінің арнасын бұрмақшы. Қазір сол жобаны қарастырып жатыр екен. Оған да қыруар қаржы керек. Экологтар өзен табанындағы бұлақ көздерін ашпайынша, өзен арнасын бұру бекер шаруа деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!