Астанада суға батып өлген 4 жеткіншектің 2-уі бір үйдің балалары болып шықты
Астананың іргесінде 4 бала бірдей суға батып кетті. Пригородный ауылында аяқ астынан жоғалып кеткен жеткіншектерді құтқарушылар бір күн бойы іздеп, таңсәріде ауыл маңындағы арықтан тапқан. Олардың екеуі бір үйдің балалары екен. Қазір болған жайтқа қатысты полиция тексеру жүргізіп жатыр. Жалпы, осы аптада ел аумағында оннан астам адам суға батып өлген.
Автор: Ербол Тұрымбет
25.06.2018
Елорданың дәл іргесіндегі «Пригородный» ауылында болған қайғылы жағдайға ұшыраған өңкей өрімдей жас балалар. Төртеуі небәрі 9 бен 12 жас аралығында. Олардың велосипед теуіп жүрген соңғы сәтін үй жағындағы дүкен сатушысы Фатима апай көріпті.
Фатима, дүкен сатушысы:
-Өте асығыс болды. Қолдарында 200 теңгесі бар екен, «апай, тезірек беріңізші» деп, менен балмұздақ алды. Оларды жақсы білем, менен ылғи балмұздақ алып тұрады. Бірақ, өзенге бара жатқандарын қайдан білейін. Түнімен жабылып іздедік.
Уақыт шамасына қарағанда дүкеннен балмұздақ алған күйі бәрі велосипедпен заулап отырып ауыл жанындағы арыққа тартқан. Төтенше жағдай мамандарының алдын ала мәліметтеріне қарағанда, олар шомылуға болмайтын жерде суға түскен.
-Біз тұрған көпір су бетінен шамамен 3 метр биікте тұр. Ал астындағы судың адам бойламайтын тереңдігі бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылдағы бала біткен жаз шыққаннан осынша биіктіктен суға секіріп ойнайды екен. Суға кеткен балалардың денелері де осы көпірдің тұсынан табылған.
Негізінде, суға батып кеткен балалардың саны бесеу болған екен. Біреуі су бетінде қалқып жүрген сәтінде маңайдағылар байқап қалып, шығарып алыпты. 9 жасар бала қазір Астанадағы №2 балалар ауруханасында жатыр.
Қуандық Құдайбердиев, оқиға куәгері:
-Біреуін құтқарып алғанбыз, мен оны өз көзіммен көргем. Бір ағай ол баланы көтеріп әкелген. Сосын оның жүрегінен бір ағай басып, кейін ішінен басқан. Сосын ол демалып, ауруханаға әкеткен.
Марқұм достарының не жағдайға ұшырағанын енді сол бала біледі. Сайып келгенде, суға батып кеткен 4 ұлдың екеуі бір үйдің балалары болып шықты. Тағы бірі ауруханада жатқан баланың туған бауыры екен. Жалпы, осы демалыста елімізде қанды судың кесірі көп болыпты. Алматылықтардың сүйікті демалыс орны Қапшағайда да үш адам бірдей суға кетіп, екеуін құтқарып алды. Үшіншісі, 21 жастағы қыз су құрсауында қалған.
Руслан Иманқұлов, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі:
-Өткен демалыс күндері Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстары және Астана қаласында 11 адам суға кетті. Басты себебі, ата-аналар балаларын қараусыз қалдыруынан болып отыр.
Биылдыққа суға кетіп көз жұмғандар қатары 70-ке тақапты. Оның жартысына жуығы балалар. Төтенше жағдай қызметіндегілер ата-аналардан балаларына сақ болуды қатты өтініп отыр. Өйткені шомылу маусымы енді қызып келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!