Атбасарда үйлерін тасқын шайған тұрғындар моншада түнеп жүр
Атбасар қаласында 500-ге жуық отбасы әркімнің босағасын паналап, тентіреп жүр. Тіпті моншада түнейтіндері бар. Былтырғы су тасқынынан кейін үйсіз қалған оларды баспанамен қамтамасыз етуге бюджеттен 3 миллиард теңгеден аса қаражат қарастырылыпты. Тіпті 11 көпқабатты үйдің құрылысы өткен жазда басталып та кеткен. Алайда алғашқы 6 үйді шенеуніктер Тәуелсіздік күнінде тапсырамыз деп уәде бергенімен, 6 ай өтсе де жұмыс әлі бітпеген. Тұрғындар шу шығарған соң асыққан басшылар мемлекеттік қызметкерлер мен мұғалімдерді, еден жуушыларды да жұмысқа салса да, баспана мәселесі әлі шешімін...
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
26.06.2018
бар емес.
Құрылыс алаңына тұрғындар күнде келеді. Мына үйлердің әрбір кірпіші олардың көз алдында қаланды. Крандар бір күн тоқтап қалса, байбалам салып жүгіретін де солар. Бірақ шенеуніктер уәде еткен үйлердің тапсырылатын түрі жоқ.11 көпқабатты үйдің бесеуінің құрылысы енді басталып жатыр. Ал желтоқсанда тапсырылуы тиіс болған 6 үй де әлі әзір емес. Топан суда шаңырағы ортасына түсіп, баспанасыз қалған отбастары шыдамымыз таусылды деп жыламсырайды. Қаңғыбастың күйін кештік дейді олар.
Гүлнәр Шамбаева, Атбасар қаласының тұрғыны:
-Қаңғыбаспыз нағыз.Баспанасыз қалғалы әбден сорладық. Балалар да жазғы демалысын дұрыс өткізе алмай жүр.Мен отбасыммен моншада тұрамын. Қанша күтуге болады? Желтоқсан деді. Жаңа жыл,Наурыз деді. Жаз болды ғой. Әкімдердің уәдесі қайда?
Ашынғаннан ащы даусы шыққан Шамбаевтардың хәлін қазір үйсіз қалғандардың көбі кешіп жүр. Облыс, аудан басшылары бұны жақсы біледі. Бірақ, құрылыс бітер емес. Құрылыс басындағылардың сөзінше, асыққандық шалалыққа әкеп соқтырған.
Ерсін Сандыбаев, мердігер компанияның участке бастығы:
- Қабырғалары ылғал. Асығып істегісін қайтадан көгерді.
Аудан басшылары басқа ньюанстарды алға тартты. Олар күні түні құрылыстың басында мердігер емес, өздері жүретінін айтады.
Бірлік Комбатуров, Атбасар ауданы әкімінің орынбасары:
- Тендерді білесіздер ғой, міне, адамдар жұмыс істеп жатыр. Бастықтар өздері келмей жатыр.Міне материал бітті. Құмы жоқ. Бардюр бар автогрейдері жоқ. Мында келіп істегендерге ақшаны төлеген жоқ.
«Эксклюзив Констракшн» компаниясының басшыларына тістері батпаған әкімдер мемлекеттік қызметкерлер мен мұғалімдерді жұмысқа салып қойған. Мердігердің жұмысын мемлекет жалақысына қарағандарға істеткендер, шілденің басында алғашқы екі үйді тапсырсамыз деп отыр.
-Атбасарлықтар сарыла күтіп жүрген пәтерлерінің сапасы да сын көтермейді. Есігін ашсаң тұтқасы, су ағатын кранын ашсаң бұрандасы түсіп жатыр. Мұны көрген болашақ үй иелерінің ашуында шек жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!