Тестілеуде рекорд орнатқан алматылық түлек жоғары ұпай алудың құпиясымен бөлісті
2 жыл күттірген 140 балл! Алматылық түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғарғы нәтиже көрсетті. Бір қызығы, бірде-бір сұрақтан мүлт кетпеген қыз «Алтын белгі» иегері емес екен. Ештеңеге қарамастан, сынақтың шыңын бағындырған ол бүгін өз құпиясымен бөлісті.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
26.06.2018
Жан-жақтан жауған құттықтау, БАҚ өкілдерінің бірінен соң біріне сұхбат беру, құшақ-құшақ гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар. Шиара Құдайбергенова кеше таңертең мұндайды, тіпті, елестетпеген. Сынақтан ең жоғары балл жинағанын естігенде де көпке дейін сене алмапты. Бір қызығы, Шиара «Алтын белгі» иегері емес. Десе де, аттестатында мүлдем төрттігі жоқтарды шаң қаптырып отыр. Мұны өзі күйзелісі мол сынаққа 3 жыл бойғы тыңғылықты дайындығымның арқасы дейді.
Шиара Құдайбергенова, мектеп бітіруші түлек:
-Бұл еңбектің жемісі деп білемін. Қанша жыл еңбек, ата-анамның үмітін ақтадым, ұстаздарымның үмітін ақтадым, мектебімнің абыройын көтердім.
ҰБТ үздігі Алматыдағы №123 мектептің түлегі. Айта кетерлігі, ол тестілеу жүйесі өзгергелі ең жоғарғы 140 балды жинаған алғашқы адам. География мен математика пәндерін ерекше сүйіп оқитын қыз оқушыларға өз кеңесін де айтып өтті.
Шиара Құдайбергенова, мектеп бітіруші түлек:
-Келесі жылы тапсыратын түлектерге айтарым, , тестті ғана жаттамай, кітаппен де жұмыс жасағандары дұрысырақ болады.
Бүкіл елді таң қалдырған қызды бүгін Бауыржан Байбек арнайы шақырып құттықтады. Әрі оған ноутбук сыйлаған. Ұлттық тестілеу орталығының басшысы да осыдан кейін дереу ұялы телефон сатып алыпты. Оны жақын арада 140 балл иегеріне табыстамақ. Ал, түлектің өзі Ұлттық университеттердің біріне «логистика» мамандығы бойынша оқуға түсуді жоспарлап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!