Түймебаев Түркістанда әкімшілік ғимараттарды жылдамдатып салуды талап етті
Түркістан қаласының бас жоспарын жасауға халықаралық конкурс жарияланбақ. Қазақстан мен шетелден шақырылған архитекторлардың жобаларын бірнеше мемлекеттен тартылған сарапшылар бақылайтын болады. Бұл туралы Түркістанның дамуы бойынша арнайы құрылған комиссияның алғашқы отырысында айтылды. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин бастаған топ бүгін киелі қаланы дамыту мен бүгінгі проблемаларын да тыңдады.
Автор: Бек Әбиев
27.06.2018
Ал, Түркістанда проблемалар баршылық. Облыс орталығы ретінде халық саны көбейсе ауыз сумен қамту қиындай түсері сөзсіз. Сондықтан, қосымша скважиналар қазылып, қосымша су көздерін іздеу керек. Ал, ішкі жолдарда кептелістен құтылу үшін шаһардың басты көшелерін 18 метрге дейін кеңейту қажеттілігі де айтылды. Облыс басшысы Жансейіт Түймебаев Шымкенттен ертерек көшкісі келді ме, әйтеуір, Түркістандағы әкімшілік ғимараттарды 8-10 ай көлемінде салып бітіруді сұрады. Күнгейлік әкімнің айтуынша туристік әлеуеті зор Түркістанға әзірге алыс-жақын шетел тұрмақ, ел ішінен келетін жұртқа да жол жүру тым ыңғайсыз. Ал, бірнеше жыл ішінде жылына 5 миллионға дейін келушілерді қабылдаймыз деп жоспар құрған Түймебаев әуе мен темір жол бағыттарын ұсынды.
Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі:
-Стамбул-Түркістан, Түркістан-Бұқара-Самарқан деп жасалған жағдайда бірнеше миллион келуге дайын. Индонезия-Малайзия да солай. Сондай-ақ, темір жол вокзалын көрдіңіз.Қазіргі әлеуеті күніне 500 адамды ғана тасуға ыңғайлы. Ескі, 1904 жылы салынған.Осыған орай Түркістан-Шымкент, Түркістан-Ташкент жүрдек жолын ашқан жағдайда біз үшін өте ыңғайлы болар еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!