Ақтөбе облысында мұғалімдердің тапшылығына байланысты мектептер жабылып жатыр
Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы бастауыш мектептер жаппай жабылатын болды. Шенеуніктер оқушы санының аздығы мен білікті мұғалімдердің жоқтығынан осындай шешім қабылдамақшы. Жаңа оқу жылынан бастап балалары интернатта жатып оқитынын ата-аналарға ескерткен. Бірақ олар жазу-сызуды енді үйреніп жүрген бүлдіршіндерінің үйден жыраққа кеткенін қаламайды.
Автор: Жаңалық Ахаш
27.06.2018
Жеті жасар Алтынай биыл екінші сыныпты тәмәмдады. Тұлымы желбіреген жалғыз қызының жағдайын ойлап ата-анасынан маза кеткен. Өйткені, олар тұратын Шаңды ауылындағы бастауыш мектепті шенеуніктер жауып тынбақшы. Ал оқушыларды көрші елді-мекендегі интернатқа жатқызуды ұсынған. Бұған Алтынайдың анасынан бастап Шаңды тұрғындарының бәрі қарсы.
Жақсыгүл Қайырғалиева, Шаңды ауылының тұрғыны:
-Интернат 25 километр жерде. Ішінде жағдай жоқ. Бізде машина жоқ. 25 баланы бір ГАЗельге мінгізіп алып келеді қой құсап тиеп. Ал мен қалай кішкентай қызымды ол жаққа беремін?
Қазір ауыл тұрғындары жиналып, мектеп ғимаратын өз күштерімен жөндеп жатыр. Тексеруге келген әкімдіктегілер райларынан қайтар деген үміттері бар. Ең болмағанда бірер жылға шешімдерін тоқтата тұрса деп тілейді. Себебі осы уақытта не ауылдан біржолата көшіп үлгереді, не болмаса бастауышта оқитындары негізгі білім алуға ауысқанда интернатқа беру жеңіл болатынын айтады. Ал оқушылардың ата-анасынан айырылғысы жоқ.
Данияр Нұрланов, оқушы:
-Мен мектептің жабылғанын қаламаймын. Мен осы мектепте оқығым келеді. Интернатқа барғым келмейді.
Шенеуніктер Шаңдыдан бөлек алты ауылдың бастауыш мектебін жабуды көздеп отыр. Олардың сөзінше, оқушы саны азайып, сабақ беретін мұғалімдердің біліктілігі мүлдем сай келмейді екен.
Жандос Байырханов, Мәртөк ауданының әкімі:
-Алты мектеп бойынша жабылу қажеттілігі туындап отыр. Бір мектеп Экзата мектебі бойынша әлі жұмыс жүргіземіз. Қажеттілігі болса қалдырамыз.
-Мәртөк ауданындағы жабылуға тиіс жеті мектептің біреуі ғана жақында аттестациядан өткен. Экзата ауылындағы сол білім ошағына шенеуніктердің тістері баттай отыр. Өйткені, ондағы үш мұғалім де жоғарғы санаттағы мамандар екен. Ал қалған мектептің ата-аналарын жаңа оқу жылына дейін балаларын интернатқа беруге көндіреміз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!