Астанада толғақ үстінде көз жұмған келіншектің күйеуі Біртановтан көмек сұрады
Астанада екі бірдей ананың өлімінен соң, перзентханада ауқымды тексеріс басталды. 31 және 35 жастағы келіншектер мұнда бірнеше күн бұрын босанып, кейін көз жұмған еді. Ал, туған бойда анасынан айырылған шақалақтар болса тірі. Бірақ, өлім аузында жатыр. Бүгін соның бірінің әкесі келіншегі ажал құшқан перзентханаға келіп, істі Денсаулық сақтау министрінің бақылауға алуын талап етті.
Автор: Досжан Маратұлы
27.06.2018
Жантүршігерлік жайтпен күллі елге танылған №1 перинаталдық орталық осы. Екі бірдей келіншектің өлімінен соң мұнда қазір абыр-сабыр.
Сондықтан перзентхана дәрігерлері мен шенеуніктер бүгін мән-жайды түсіндірмек болды. Айтуларынша, қызметтік тексеріс жүруде. Оның қорытындысы шықпай аналардың өліміне не себеп болғанын айту ерте дейді.
СӘУЛЕ МҰҚЫШЕВА, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
-Сол комиссия бойынша біздің басқарма шешім шығарады. Анализге гистология алған. Сол гистология 10 күннен кейін дайын болады. Сол күннен кейін біз сізге айта аламыз. Неден аналардың қайтыс болғанын.
Ал әйелдер көз жұмғанымен, сәбилері аман. Бірақ, екеуі де жан сақтау бөлімінде жатыр. Баласын босанып, қаза тапқан келіншектің бірі міне мына фотода. Суретті Сапар әйелі босанар күні жасаған. Сол кезде келіншегін соңғы рет көріпті. Қайғыдан қан жұтқан әке, кішкентай қызына келіп күнде амандығын тілейді екен.
САПАР ӘМІРТАЙ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
- Жүрегі істеп тұр енді соған тәуба. Соған күнде келіп сипап, иіскеп жүреміз қасында. Ол менің балам. Оған өмір сыйлау керек енді.
Қазір Сапар полиция арыз жазып қойған. Әйелінің өліміне кінәлілер жазасын алса деп отыр. Әрі істі Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың істі бақылауға алуын сұрауда. Бір айта кетерлігі, аналарды екі түрлі окушер босандырған екен. Екеуі де ұзақ жыл қызмет еткен білікті мамандар екен. Ал осы оқиадан кейін перзентхана екі күнге жабылып, босанған мен толғағы қысқан келіншектер басқа медициналық мекемелерге жіберілген. Бұл таралған инфекцияға байланысты деген әңгімені денсаулық сақтау шенеуніктері жоққа шығарды.
Досжан Маратұлы, тілші:
-Десе де ақ халаттылардың кінәсін дәлелдеу оңай емес. Сондықтан тергеу біразға созылуы мүмкін. Ал, дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған полицейлер де бірнеше сараптама тағайындап мән-жайды анықтауда. Егер аналарды дәрігерлердің өлтіріп алғаны анықталса, қызметтерінен босаталып, түрмеге жабылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!