Атырауда күкіртке батқан жұмысшылар оңбай күйіп қалды
Атырау облысында мұнай алпауыты «Теңізшевройл» компаниясының үш қызметкері күкіртке күйіп, ауруханаға түсті. Дәрігерлердің айтуынша, олардың денелері 20-30 пайызы күйген. Үшеуіне мекеме емханасында алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң, Атырау облыстық ауруханасына ауыр жағдайда жеткізіліпті.
Автор: Жанар Низамутдинова
28.06.2018
«Теңізшевройлға» қарасты мердігер мекемеде оператор болып еңбек ететін 23, 26 және 43 жастағы азаматтар Атырау және Шымкент қалаларының тумасы. Жұмысшылардың айтуынша, олар тереңдігі бір жарым метр болатын күкіртке батып кеткен. Оқыс оқиға түнгі ауысым кезінде орын алған. Жұмысшылар бір күн бұрын төгілген күкіртті жинауға кіріскен көрінеді. Алайда толық қатып үлгермеген күкіртке аяқтары бата бастайды. Бір-біріне көмектесіп, аман қалған жұмысшылар учаскесінде жарықтың аз болғанын айтады. Ал, жұмыс берушілер әзірге бұған қатысты ешқандай ақпарат таратпай отыр. Айта кетейік, бұл аталмыш компанияға тиесілі кәсіпорындардағы алғашқы апат емес. Осыдан үш күн бұрын да күкірт жайылып, адамдар қауіпсіз жерге шығарылды.
Бағдат Шекіртқалиев, зардеп шегуші:
- ТШО-ның операторында фонарик бар, кішкентай фонарикпен қай жерді қарайсың.Негізі айналасында освещение болуы керек. Освещениенің көбі жанбай тұр. Түннің бір уағында қай жерде жұмыс істейсің. Опалубканы көтеріп жүргенде қай жер екенін точно білмейсің ғой. Ай жарық болғанда да алдыңдағы жолыңды көресің ғой. Қай жері қатып, қай жері қатпай тұрғанын білмейсің ғой.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!