Тұңғыш Президент қоры Елорда туралы ерекше жоба әзірледі
Тұңғыш Президент қорының ғаламат жобасы! Қазақстандықтар «Астана болашақтың байтағы» мультимедиялық жобасынан Елорданың қалыптасу кезеңі мен тарихына көз жеткізе алады. Қарапайым адамнан бастап елге белгілі тұлғалар сыр шертетін деректі фильмде Астананың шынайы келбеті кестеленіп, болашақ бейнесі бедерленген. Ал, көрген жанды еріксіз арбайтын мультимедиялық туындыға КТК арнасы мен «Strana media team» студиясының шығармашылық ұжымы тер төкті.
Автор: Мақсат Мәлік
29.06.2018
Кірпіш тасыған құрылысшылар бәр сәтке дамыл қағар емес. Ал, аймақтық қаланың өзге бұрышында мерекеге қызу дайындық жүруде. Бірақ, қалада көңіл құлазытатын көріністен көз сүрінетін еді: қисайған жатаған үйлер, көшеде қаңтарылған ескі автобус, жабайы сауданың көркін қыздырғандар және таксафонда кезек күткен жұрт. Алайда, 20 жылда көз ілеспес жылдамдықпен дамыған Елордада сандаған зәулім ғимараттар бой көтеріп, адам танымастай өзгерді.
Қаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
Астана біздің халқымыздың жаңа тынысы. Астана біздің мемлекетіміздің болашаққа деген жаңа мүмкіндігі. Құрылыс технологиясында мүлде жаңа мүмкіндіктер ашылды. Астананың болашағы біздің халқымыздың болашағымен тығыз байланысты.
Тұңғыш Президент қорының жаңа жобасы Астана туралы деректі фильмнен ғана тұрмайды. Мультимедиялық жобада бас қаланың күллі тарихы қамтылып, түрлі кейпікерлер өткен шақ пен қазіргі кезеңді саластырып, сыр шертеді. Ал, фильмді дер кезінде тамашалай алмағандар «Астана болашақтың байтағы» атты сайтқа кіріп, барлық жайтқа қаныға алады.
Евгения Сакенова, «Strana media team» студиясының продюсері:
- Әр кейіпкердің айтары көп. Құлақ түрcең, Астананың тұтас келбетін көз алдыңа келтіресің. Сондай-ақ, барлығын ғаламтордағы парақшадан таба аласың. Кейіпкердің әрбір сөзі тарихи деректермен өріліп отырады.
Ал, деректі фильмнің жүргізушісі америкалық Джосая Блэрдің таңданысы көп. Себебі, осыдан 20 жыл бұрын елімізге келген ол, алғашқы сәт пен қазіргі кезеңді салыстыруға келмейтінін айтады.
Джосая Блэр, журналист:
-Қазақстанға алғаш келгенде алған әсерім қызық. Бірінші күні көшедегі қатты айқайдан оянып кеттім. Терезеден қарасам: әлдекім «айран, сүт» деп айқайлап жүр екен. Таң қалдым, бірақ тұрғындар әлденені сатып алып жатты. Кейін оның сол кездегі қалыпты өмір екенін ұқтым.
КТК арнасы мен «Strana media team» студиясының шығармашылық ұжымы тер төккен жобада Астананың өткені, бүгіні мен болашағы қатар өрілген. Әсіресе, соңғы техникалық мүмкіндіктер мен графикалық жұмыстар шебер қолданылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!