Атбасарда ақыл есі ауытқыған екеу тұрғындарды шошытып жүр
Қауіпті көршілер! Атбасарда ақыл есі ауытқыған 2 азамат өздері тұратын маңайдың тұрғындарын үрейлендіріп отыр. Тұрғындар сөзінше, 40 және 36 жастағы Александр мен Евгений...
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
29.06.2018
trong>көршілерінің қақпасын,терезесін сындырып, аулаға бөтелке, қоқыс лақтырып жұртты әбден мезі қылған. Ол аздай ағайынды екеудің бірі көршінің 15 жасар қызына «үйленем» деп қиғылық салыпты. Осыдан кейін балаларының өмірі үшін қауіптенген тұрғындар тәртіп сақшыларына бірнеше рет шағым да түсіріпті. Бірақ, психдиспансерде есепте тұрған ағайындыларды оқшаулауға ешкім асығар емес.
Терезе әйнегі таңғы 5те тарс етіп сынғанда мына жерде 2 кішкентай қыз бала ұйықтап жатқан. Олар шошып ояныпты. Ұйқылы ояу айғайлап ата-аналарына жүгірген.Таңнан бері шошынып қалған қыздарды жұбата алмаған ересектер оларды әжесінің үйіне жіберген.
Ала таңнан айқай шығарып, Сыздықовтардың терезесін сындырып жүрген құдайы көршілері. 3 бірдей терезені темір кереуеттің аяғымен тас талқан еткен соқталдай екі жігіт түк болмағандай ауладан шығып жүре берген. Бұл олардан көршілерінің көріп тұрған бірінші құқайы емес. Евгений мен Александрдың ақыл есі кем. Сондықтан кей уақытта олардың денсаулығына байланысты түсінікпен қарап келген. Алайда, олар өз ісіне есеп беретінге ұқсайды. Өйткені, бізге бәрібір ешкім ештеңе істей алмайды. Бізде сары карточка бар деп күледі екен. Бәрінен бұрын қызыңа «үйленем» дегені не сасқаны дейді көршілері.
Зарина Сыздықова, Атбасар қаласының тұрғыны:
-Көрші мен Сенің қызыңа қалайда үйленем. Жасауыңды әзірлей бер дейді. Ойбай, не деп тұрсың деп зәрем кетті. Үлкен қызым 15-те,кішісі 10 жаста. Масқара ғой.Осыдан кейін қыздарымнан көз алмаймын. Қорқамыз.Күйеуіме бәріңді өлтірем депті. Участке инспекторына да айттық. Шағым да жаздық. Олар қоғамға қауіпті адамдар.Неге алып кетпейді.
Балаларыңды тый немесе арнайы мекемеге орналастыр деп Лысенколардың анасына көршілері талай айтқан. Бірақ, оларды психдиспансер тек ауруы қозғанда ғана 1-2 ай жатқызып шығарып жібереді екен.
Надежда Стрельцова,науқастардың анасы:
-Үлкен ұлым жасынан ауру. Екіншісін біреулер басынан ұрып,жынды қылды. Қазір екеуі де диспансерде есепте тұр.Мен не істей аламын оларға? Қой дегенді тыңдамайды.Үйде жаман қылық көрсетпейді.
Расында да көршілері екі жігіттің үйінде моп момақан болып жүретініне таң қалады.Тіпті үйлері де жинақы, ауласы тап таза. Ал қолдарына түскен қоқысты көршілерінің ауласына лақтырады екен. Соңғы оқиғадан кейін жұрт тілшілерді шақырғанын айтқан соң, екі науқасты Алексеевкадағы психдиспансерге алып кеткен. Кешікпей бәрібір үйлеріне қайтып келеді,-дейді шошынған көршілері. Сондықтан да, іс насырға шаппай тұрып, мәселеге мән беруін талап етеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!