Елімізде пәтердің әділ бөлінуін бақылайтын портал ашылды
Тұрғын үй құрылысын енді «Бәйтерек» холдингінің жаңа порталы арқылы онлайн режимде бақылауға болады. Жаңа портал «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынатын құрылыс нысандарын қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Бұл жаңашылдық ұлттық холдингтің цифрландыру саясатының арқасында іске асып отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
02.07.2018
Мынау ЭКСПО қалашығындағы сатылымға түскен пәтерлердің ішкі сызбасы, көлік тұрағына дейін көрсетілген. Оны сатып алғысы келгендер сайтта өтініш қалдыра алады. Бұл Digital Baiterek жобасында қарастырылған 19 қызметтің бірі ғана. Порталда тұрғын үйдің құрылыс барысын да бақылап отыруға болады. Сол үшін арнайы камералар мен қондырғылар орнатылған.
Әнуар Омарқожаев, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі басқарма төрағасының орынбасары:
-Бұл мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қордың ақшасы қалай игеріліп жатқанын бақылау үшін жасалған жоба. Ал құрылыс нысандарының уақытылы бітуіне жергілікті билік жауапты.
Құрылыстың барысы ғана емес, баспананы иелену үшін қаптаған тізім кезек те тек тәртіппен ғана жүретін болады. Тізім порталда тұратындықтан, кезекті аттап өтіп кететін құйтұрқылық ешкімнің қолынан келмейді. Сол үшін блокчейн технологиясы қолданылмақ. Яғни, бірер жылда мәліметтер бірнеше бөлікпен сақтала бастайды да оны өзгерте алмай қалады.
Әнуар Омарқожаев, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі басқарма төрағасының орынбасары:
-Былтыр осы үйді заңсыз үлестіру кезінде қаншама сын пікір болғаны естеріңізде шығар. Сондықтан, осы технологияның арқасында кезекті немесе баспананы иелену шараларын қолдан жасау мүмкін болмай қалады.
«Бейтерек» холдингі тұрғын үйлердегі лифтілердің де сапалы жұмыс істеуіне зер салып отыр. Биыл мекеме «Safe лифт» бағдарламасына 60 миллион теңгелік грант бөлген. Ол ақшаға мыңнан аса жеделсатыны бақылау камерасы және дисплейлармен жабдықтауға болады. Соның статистикасы арқылы жұмысын сапасыз атқарған компаниялар анықталмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!