Астанаға аймақтар сыйға тартқан нысандардың сәулеті көпшілікті таңқалдырды
Облыстар Астананы құны қымбат ерекше сыйлығымен қуантып жатыр. Ірі көпір, алып саябақ пен тарихи монумент - бұл Елорданың 20 жылдығына сыйланған тартулардың бір бөлігі ғана. Аймақтардың тосын сыйын Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қабылдап алып, жаңа нысандардың тұсауын кесті. Сонымен қай өңір бас қалаға не сыйлады?
Автор: Досжан Маратұлы
02.07.2018
Астананың туған күні қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаев бас шаһарды аралауды әдетке айналдырған. Биыл да бұл дәстүрден жаңылмаған президент алдымен Ботаникалық баққа барды. Елбасын Шығыс Қазақстан облысы әкімінің қарсы алуы бекер емес. Даниал Ахметов саябаққа құны 1 миллиард теңге болатын алып музыкалық фонтан орнатқан. Субұрқақтың ерекшелігі сол, түрлі түске боялып, ән салады.
- Бұл Астана ғана емес, Қазақстандағы ең үлкен фонтан. Шығыс қазақс
тандықтарға көп рақмет!
Ал, бұл Қарағанды облысының сыйлығы. «Қазақ еліне мың алғыс» деп аталатын монумент репрессия жылдарындағы халқымыздың дархандығын білдіреді. Ескерткіште қазақ әйелі бейнеленген. Ал, бауырындағы балалар - өзге ұлт өкілдері. Кезінде шиеттей бала-шағасымен қазақ жерінен пана тапқандар қайта-қайта рақмет айтумен болды.
-Біз дәл осындай елде өмір сүріп жатқанымызға бақыттымыз. Біз сізге шексіз алғысымызды білдіріп, алдымызда басымызды иеміз.
Алматылықтар да сыйлықтан шет қалған жоқ. Елорданың мерей тойына арнап, алма толы саябақ тарту етті.
-Бәрін бересің бе осының?
–Атаңа бер, атаңа бер.
–Мен бәрін жеймін бе?
«Жетісу» деп аталатын су жаңа саябақ Есілдің сол жағалауында орналасқан. Енді ол астаналықтар мен қала қонақтарының демалатын жеріне айналмақ.
НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
-Жетісудың барлық туристік обьектілері көрініп тұр осы жерде. Артымызда тұрған каньон, Жетісудың суы ағып жатыр. Балаларға демалатын жер. Мың жылдық ағаш бар. Мінекей осылай Алматы облысының атқаменерлері осылай біздің көңілімізді көтеріп жатыр.
- Қойнауы мұнайға бай Атырау облысы да астаналықтарды қуантып қойды. Пішіні балыққа ұқсайтын жаяу жүргіншілерге арналған мынадай әдемі көпір салып берді. Есілдің оң мен сол жағалауына жалғайтын су жаңа көпірдің ұзындығы 313 метр. Бұл жерде велосипедшілерге арналған бөлек жолақ та бар. Қысқасы,сәулеті ерекше өткел бас қаланың көркін одан сайын ажарландыра түсті.
Ал, құны шамамен 6 миллиард болатын өткел – Атырау көпірі деп аталады. Жанына бекіре балығының мүсіні орнатылыпты. Енді Есілде осы балық түрі көбеюі мүмкін.
-Бұл енді Атырау облысының Астананың 20 жылдығына арналған кішкене үлесі. Нұрсұлтан Әбішұлы қабыл алыңыз.
–Рахмет.
–Рахмет.
Көпір, саябақ, субұрқақтан бөлек әлеуметтік нысандар да көптеп ашылып жатыр. Мәселен, Алматы қаласы Астанадан 250 орындық су жаңа балабақша салып берді. Сөйтіп жүздеген ата-ананың алғысына бөленді. Елорданың бейресми басты архитекторы атанған Назарбаев жаңа нысандарды мұқият тексеріп қана қоймай қарапайым халықпен тілдесуге уақыт тапты. Бұндайды күтпеген жұрт ұл-қызын президентпен суретке түсіруге жанталасты. Ал, шілденің алтысына дейін өзге өңірлер де бас шаһарға тарту жасауға әзірленіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!