Шелектегі шырғалаң: Уланып көз жұмғандарға кәріз құдығына түсуге кім бұйрық берген?
Құдықтағы қаза. Алматы облысы, Шелек ауылының орталық ауруханасында екі сантехник пен бір медицина қызметкері газға тұншығып қайтыс болды. Куәгерлердің айтуы бойынша, бастапқыда кәріз құдығына сантехник түсіп, есінен танған. Әріптесін құтқаруға екінші жұмысшы ұмтылған. Екеуі де уланғанғасын дәрігерлер де құдыққа түсіп, соңы қайғылы аяқталды. Техникалық талап бойынша, кәріз құдығын арнайы мамандар тазалау керек. Ал, ауруханың бас дәрігері болса ешқандай тапсырма бермедім деп отыр.
Автор: Асқарбек Қазанғап
03.07.2018
Кеше ғана жұмысқа аман-сау аттанған үйдің отағасының бүгін отбасына тек мүрдесі оралды. Сол «сор» құдыққа алғашқы болып түскен сантехник Өмірбай Естемесовтің артында жары мен жалғыз қызы аңырап қалды. Қазадан айыға алмай, талып жатқан туыстардың есін жиғызу үшін, тіптен жедел-жәрдем қызметкерлері осында жүр. 45 мың теңгелік айлықпен отбасының жалғыз асыраушысы болған Өмірбай өмірден өткесін ендігі көрер күніміз не болады деген күйік пен запыраннан әйелі мен қызының өзегін өкініші өртейді.
Эльмира Үркенбай, Ө.Естемесовтің жары:
-Бірінші Өмірбайды тығады. Екінші Ермек кіреді. Оған үнемі противагаз керек, жарылып кетеді, шіріп тұр ғой деп айтқам. Түспе дегем, тілімді алмай кетті ғой.
Шелек ауруханасында дүрбелең болған сәт ұялы телефонға түсіп, әлеуметтік желіде желдей есіп тарап кетті. Зардап шеккендерді ақ халаттылар жанұшыра құдықтан 50 метр жердегі қабылдау бөліміне жеткізіп жатқанын көруге болады. Жұмыс барысында кәріз құдығындағы құбырдың бірі жарылып, улы газ бөлінген. Одан тұншыққан сантехниктерді құтқаруға келген травматолог Данияр Мергенбаевтың да ажалы сол құдықтағы газдан келген. Оқыс оқиғадан кейін мәйітханаға жеткізілген марқұмның денелері бүгін отбасыларына тапсырылды.
Ғалымжан Мергенбаев, Д.Мергенбаевтың ағасы:
-Айқайлаған құтқарыңдар деп. Содан бірінің артынан бірі құтқарамыз деп кете берген ғой. Газ бар екенін білмеген ғой.
-Күні кеше үш адамның өмірі қиылған құдық осы. Темір қақпақ қайта жабылғанмен, қапелімде туыстарынан көз жазып, жоқтаған жақындарының жарасы жазылмас. Қайғыдан қан жұтқандардың қазасына ортақтасқан ауыл тұрғындары гүл шоқтарын қойып кетіп жатыр.
Кішкентай ғана ауылға үлкен қаза әкелген оқиғадан кейін тұрғындар, тіптен бас дәрігерді кінәлап, кабинетіне басып кіріп жатыр.
-Ана жерде сорғанға 6000 теңге алады. Сіз сонда сол жерге 6000 теңгені қимай, үш адамның өмірін қиып отырсыз ба?
Шелектегі орталық аурухананың бас дәрігері Жақып Желеуов жарытып жауап бермеді. Құдыққа түс деген тапсырма бермедім дейді.
Жақып Желеуов, Шелек орталық ауруханасының бас дәрігері:
-Нақты тапсырма берілген жоқ, түсіп соны тазалап шық деген.
-Сонда олар не үшін түсті ол жаққа?
Енді оны сұрайтын мүмкіншілік қазір жоқ болып тұр. Кімнен сұрайсың бәрі өліп қалса....
Облыстық ішкі істер департаменті бұл оқиғаны жіті назарына алды. Қазір тексеріс басталып кетті.
Көбейхан Нұрахмет, Алматы облысы ІІД ресми өкілі:
-Аталған оқиға бойынша қылмыстық кодекстің 156 бабы, яғни еңбек ережесін бұзу бойынша тексеріс басталды. Осы жағдайға кінәлілер жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қаза тапқандардан бөлек, көмекке келіп зардап шеккен дәрігердің бірі қазір ауруханада жатыр. Облыстық әкімдік марқұмдардың отбасына қаржылай көмек көрсету жағын қарастыруда. Айдын күннің аманында мерт болған азаматтар жер қойнына ертең тапсырылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!