Елімізде «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына құжат қабылдау басталды
Үш күнде үш мың өтініш. Тіпті, Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша Астана, Алматы, Ақтау, Орал және Өскемен қалаларында қазірдің өзінде ипотекалық қарыз беріп үлгерген. Ал, бағдарламаны іске асыруға екінші деңгейлі 7 банк қатысып отыр. Алайда, көпшіліктің көкейінде әлі де күпті сұрақ көп.
Автор: Мақсат Мәлік
04.07.2018
Ипотекадан жүрегі шайлыққан жұрт тағы да абыр-сабыр. Себебі, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына құжат қабылдау басталды. Серіктестікке серт берген екінші деңгейлі жеті бірдей банк алақанын ысқылап, несиеге үй беруге әзір. Жыл соңында олардың қатары екі банкпен толығады. Баспанасы жоқ, бірақ тұрақты табысы барлар алғашқы 20 пайызын төлесе жетіп жатыр. Қалған қарыздан 7 пайыздық өсіммен ширек ғасырда құтыласыз. Бірақ, 1 триллион теңгеге тең қарыз көлемі тұрғын үй бағасын шарықтатып жібермей ме деген сұрақ, желдей есіп тұр.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
-Осыған орай бағдарламада мындай шектеулер белгіленген. Біріншіден, ипотекалық қарыз бастапқы тұрғын үй алуға беріледі. Бұл тұрғын үй нарығына әсер етпейді. Екіншіден, бағдарламада сатып алынатын тұрғын үйдің шектік құны белгіленген.
Алайда, бағдарламаға кез келген Қазақстан азаматы қатысқынымен, бірқатар шектеулер де бар. Көздеген үйіңіз тек жаңадан қолданысқа берілген болу керек. Ал, бұған дейін несиені мерзімінен кешіктіріп төлегендердің жағдайы мүшкіл. Олардың мәселесін банк өкілдері майшаммен қарап, тіпті келісімге кері әсер етуі ықтимал. Егер ресми кірісің болмаса, бағдарламаның маңына жолай алмайсың.
Қайрат Алтынбеков, «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы:
-Алғашқы жарна 20 пайызға тең. Ал, ақшаны қайдан табады дегенге келсек, ол қарыз алушының өз мәселесі. Яғни, міндетті түрде тұрғын үй құнының 20 пайызын төлеуің қажет.
Әрине, шамаң жетсе қарызды 25 жыл арқаламай, уақытынан бұрын өтеп тастауға мүмкіндік бар. Ол үшін айыппұл салынбайды. Сондай-ақ, ет жақыныңның атындағы үй сізге еш кедергі келтірмейді. Бастысы, өз басыңда баспана жоқтығын көрсетуіңіз қажет. Ал, 3 күннің ішінде өтініш бергендердің қатары 3 мыңға жеткен. Айта кетейік, үйдің жоғары құны Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында 25, өзге өңірлерде 15 миллион теңгеден аспауы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!