Ақтөбеде университет ректорына сауна салдық деген құрылысшылар шу шығарды
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде жұмысшылар шу шығарды. Олардың айтуынша, жиырмаға жуық адамды университет басшылары жалдап, ғимаратты жөндеткен. Бірақ он айдан бері ақшаларын төлемей қашып жүр екен. Ал, университет ректоры болса оларды танымаймын деп отыр. Сондықтан бір тиын ұстатпайтынын айтады.
Автор: Жаңалық Ахаш
04.07.2018
Бір жыл бойы еркін кірген білім ошағына енді бұл жұмысшылар жолай алмай жүр. Ректор отыратын ғимарат пен университеттегі сауна және би залындағы жөндеу аяқталған соң бізді қуып шықты дейді наразы топ. Қолдарына бір тиын ұстатпапты. Еңбек ақыларын даулап келген оларды бүгін де табалдырықтан аттапай қойды.
- Балаларымыз үйде аш отыр.
- Осы коридорда түнімен жұмыс істедік қой.
Жұмысшылардың сөзінше, оларға университеттің қарызы 16 миллион теңгеге жеткен. Бірақ құжат жүзінде ешбірімен келісім-шарт жасамапты. Ректордың өзі жалақыларын даулап келгендермен жүздесуден бас тартты. Керсінше, оларды сотқа беремін деп отыр. Ал білім ордасының басшыларына арналған саунаға жөндеу жасамақ тұрмақ, ондай демалыс орны атымен жоқ дегенді айтады.
Бауыржан Ердембеков, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры:
-Мен сотқа беремін. Бұл менің жеке басыма және университет беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Бұл сауна ашып ойын-сауық жасайтын жер емес.
Ең қызығы ректор қанша ақталғанымен, университетте басшыларға арналған сауна бар болып шықты. Жұмысшылар жөндеп қана қоймай, бастықтардың әр қыдырысынан кейін тазартып қоюға мәжбүр болған.
Алмас Расбаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Бұл жақта сауна бар. Бұл жаққа ешкімді кіргізбейді. Бастықтардың өздері түсіп жүрген ғой яғни. Себебі қыздар бастықтардан кейін барып сол жерде жуып жүрді.
-Жөндеу жүргізілген университет бөлмелерін көруге ректор рұқсат бергенімен, неге екені белгісіз сауна жаққа баруға тыйым салды. Ал ақшаларын даулаған жұмысшылар еңбек инспекциясы мен прокуратураға арызданбақшы. Сондай-ақ тендерсіз жөндеу жүргізе беретін мемлекеттік мекемені толық тексеруден өткізу керектігін айтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!