Ақтауда жүкті әйелді 3 қыз жабылып сабап тастады
Соның кесірінен келіншек қазір облыстық ауруханада жатыр. Миы шайқалыпты. Дәрігерлер дер уақытында көмек беріп, жатырындағы шаранасы аман қалды. Қазір бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Автор: Жаңалық Ахаш
05.07.2018
28 жастағы Ұлжан Хайдарова өз туған күнінде құрсағындағы шаранасынан айрылып ала жаздады. Дәрігерлердің көмегімен аман қалып, қазір аурухананың нейрохирургия бөлімінде. Жүкті келіншек пәтеріне баса-көктеп келген қыздардан алғашқыда жауыздық күтпеген. Себебі кәмілетке жасқа толмаған апалы-сіңілі үшеу тепкінің астына алады деп ойламапты.
Ұлжан Хайдарова, жәбірленуші:
-Апасы қолымнан ұстап тұрды. Екіншісі деген басымнан итеріп жіберді артқа қарай. Қасындағы үшінші қыз ішімнің астынан бір тепті. Есімнен талып қалдым.
Жауыздыққа барған өрімдей қыздар келіншектен ағасы үшін кек алмақ болған. Өйткені араққа тойып алған бауырлары бір күн бұрын пышақ ұстап осы үйге кіріп кетеді. Әйелдің күйеуі оны бір ұрып, қуып шыққан екен.
Зухра Хайдарова, жәбірленушінің әпкесі:
-Менің сіңілімнің үйіне келіп енесін сұраған. Мас күйінде. Баласы көріп қуып жібереді. Біраздан кейін екі баласы пышақпен келген. Пышақпен келгесін күйеуі ұрып жіберген келмеңдер деп.
Қазір Ұлжанның жағдайы бірқалыпты. Дәрігерлер жүріп-тұруға тыйым салған. Ең бастысы шараны сақтап қалғанына шүкіршілік етіп отыр.
Рахат Беков, Маңғыстау облыстық ауруханасының дәрігері:
-Белгісіз адамдардан соққы алған. Жабық ми жарақаты, ішінің жарақатымен нейрохирургия бөліміне жатқызылған. Қазір жағдай қалыпты. Ем алып жатыр.
Жүкті келіншекті сабаған қыздар қазір бостандықта жүр. Олардың жазаға тартылуы екіталай. Өйткені, кәмілет жасқа толмаған және сот-медициналық сараптама қортындысын күту қажет. Іс қозғалғанның өзінде ата-анасына ғана айыппұл салынады екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!