Ақтөбе облысында Өзбекстан азаматтары тірідей жанып кеткен автобус иесі әлі қашып жүр
Ақтөбеде автобуста тірідей жанып кеткен 52 Өзбекстан азаматының өліміне қатысты қылмыстық іс сотқа жетті. Заң алдында 5 адам жауап беретін болады. Әйтсе де олардың біреуі тәртіп сақшыларына ұстатпай қашып жүр. Ол автобустың иесі - «Азия транзит сервис» компаниясының қожайыны. Қазір оған халықаралық іздеу жарияланған.
Автор: Жаңалық Ахаш
09.07.2018
-Атышулы бұл сот отырысы бір жұмадан соң басталады. Облыс орталығында емес Ырғыз ауданындағы сотта қаралмақшы. Өйткені, қайғылы оқиға осы ауданның аумағында болған еді.
Жарты жыл бұрын қаңтардың 18-і күні болған оқиға қос елдің де қабырғасын қайыстырды. Ресейге бет алған автобус өртке оранып, Өзбекстанның 52 азаматы тірідей жанып кеткен. Тек көліктегі 3 жүргізуші мен 2 жолаушы ғана аман қалды. Енді сол үш жүргізуші сотта жауап беретін болады. Олар жарты жылдан бері Ақтөбедегі абақтыда қамауда. Ал тірі қалған жолаушылар куәгер ретінде тартылады.
Анар Айтжанова, Ақтөбе облыстық соттың баспасөз хатшысы:
-Пернебеков, Қырғызбаев және Таңатов көлік құралдарының пайдалану қағидаларын бұзғаны, сонымен қатар өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін айпталуда. Тілепбаев өз міндеттерін адал атқармағаны, көлік құралын сапасыз жөндеу және жалған құжат дайындағаны үшін, Пердебаев жалған құжат дайындағаны үшін айыпталуда.
Күдіктілер қатарында өртенген мына автобустың қожайыны, «Азия Транзит сервис» компаниясының құрылтайшысы мен механигі бар. Механик ескірген көлікті жөнді тексермей, жолға шығуға рұқсат берген. Сол үшін жазаланатын болады. Ол әзірге кепілмен бостандықта жүр. Ал компания басшысы болса автобус өртенген күні елден ізін суытқан.
- «Азия транзит сервис» компаниясының басшысына жарты жыл бұрын халықаралық іздеу жарияланған. Бірақ әлі күнге дейін ұстатар емес. Ал 52 адам тірідей жанып кеткен автобустағы қайғылы оқиғаға байланысты тексеруді өкіметтік деңгейде Өзбекстан мен Қазақстан тарапы бірлесе жүргізген-ді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!