Шығыста жұрт ауыз суды көршілерінен сұрап ішуге мәжбүр
Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласының бүкіл бір ықшамауданы екі жарым айдан бері ауыз сусыз отыр. Бір қызығы олар су ақысын уақытылы төлейді екен. Жұртқа тіршілік нәрін тарататын кәсіпорыннан да кінә жоқ. Олар да суды жұртқа уақытылы береді. Алайда сол су ескі құбырлардың кесірінен тұрғындарға жетпей жатыр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
10.07.2018
Бұл маңдағы көпқабатты үйлердің тұрғындары жер үйде тұратын көршілерінің қас қабағына қарап, су сұрап ішеді. Су етектегі кейбір үйлердің тек жертөлесіне ғана жететін көрінеді. Кейде түнде келген су бес литрлік ыдысты әрең толтырады екен.
Антонина Иванова, Риддер қаласының тұрғыны:
- Түнде су келсе, бөркімізді аспанға атып қуанамыз. Тым құрығанда дәретханаға су тасымайтын болдық деп. Енді міне, екі аптадан бері ол да жоқ. Тіпті көзге тамызатын судан да жұрдаймыз.
«Электрик» деп аталатын бұл ықшамаудан тау етегіндегі Риддердің ең жоғары нүктесінде орналасқан. Жаз шықса болғаны, оның тұрғындары осылайша су іздеп сенделіп кетеді. Жұрттың сөзінше, бұған құбырдағы қысымның аздығы себеп. Оның үстіне төмендегі саяжай тұрғындары да етектен тартқан бөрінің кебін келтіріп дейді олар.
Зинаида Гундаева, Риддер қаласының тұрғыны:
-Таңғы сағат төрттен тұрып су тасимын. Жұмыстан келіп, түннің бір уағына дейін тағы су тасимын. Отбасым үлкен. Бәрін суға түсіріп, ыдыс аяқ, кір қолаңымызды жууға су көп кетеді.
Су құбырындағы қысымның азаюына ондағы жиі орын алатын апаттар да себеп екен. Шұрқ тесік құбырлар талай жыл бойы қолдан қолға өтіп, тек былтыр ғана әкімдік оны өз балансына алыпты.
Қуат Мухамедшінов, Риддер қалалық ТКШ бөлімінің басшысы:
- Қалалық коммуналды қызмет өкілдерімен бірлесіп, құбырларды толық зерттедік. Сметалық құжат та жасадық. Оған сай бұл ықшамауданға тартылған құбырларды алмастырып жөндеуге 70 миллион теңге ақша керек. Ондай қаржы қала қазынасында жоқ.
Қазір қалалық әкімдік осы мәселені айтып облыс басшылығынан қаржы сұраған екен. Ондағылар ақша тек үшінші тоқсанның соңында, яғни, қыркүйектің аяғына қарай бөлінуі мүмкін депті. Оның өзінде құрылыс жұмыстарының қыста басталуы екіталай. Ендеше алдағы жылы да шелегін сайлаған тұрғындардың көрші жағалайтын түрі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!