Алматы облысында шенеуніктер үлгерімі нашар оқушыларды мектептен қуып жатыр
Жазғы демалыстың ортасында Алматы облысында 400-ге тарта бала өз мектебінен қуылып жатыр. Өйткені, білім ордасының мәртебесі жоғарылап, енді онда тек дарынды балалар оқымақ. Бірақ, алтын ұясына қажетсіз болып қалған ұл-қыздарды қабылдайтын ауданда басқа мектеп жоқ.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
10.07.2018
- Сабақ басталмай жатып, оқушыларын қуып жатқан мектеп осы. Бірнеше жыл бұрын мұнда «дарынды балаларға арналған» деген статус берілген. Содан кейін білім алушылар үшін нағыз қуғын-сүргін басталыпты.
Динара Бұсырманова, Талғар қаласының тұрғыны:
- Бала оқығысы келмейді. Содан кейін «мама, барғым келмейді» дейді.
Яғни, апта сайын тест алып, оқушыларды мезі қылыпты. Ал, мүлт кеткендерін мектептен шығарамыз деп, қорқытып келген көрінеді. Міне, енді іске шындап кіріскендей. Атағы асқақтаған гимназия 400 шәкіртін өз қабырғасынан біржола қуып жатыр.
Динара Ақылбаева, Талғар қаласының тұрғыны:
-Директорға бұйрықты көрсетіңіз дедік. « Құжаттарыңды алыңдар да, кетіңдер» деп зіркілдеді.
Сөйтсе, ең «дарынсыз» балалар мамырда арнайы сынақ арқылы анықталыпты. Оның өзі әділетсіз өтіп, кей оқушылардың қасақана құлатылғанына ата-аналардың көздері жеткен.
Динара Ыбырайымова, Талғар қаласының тұрғыны:
- Қайта тексеру барысында менің балам өтіп тұр. Сонда біздің балаларымыздың өмірі тек қана бір дұрыс тексерілмеген тестке қарап қалды. Ол тест неге дұрыс тексерілмеген? Неге сол бір тестке ғана сүйенеді?
Оның үстіне, Талғар ауданында бұлар баратын басқа мектеп те жоқ. Бірі тым алыс, бірі әлден оқушыға лық толы. Сол себепті, бұлар алғашқы қоңырауды өз алтын ұяларында қарсы алғылары келеді. Мектеп үшін күрескен топты бүгін білім басқармасындағылар барынша сабырға шақырды.
Нұржан Оралханова, Талғар ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
-Облыстық білім басқармасымен сөйлесеміз. Сөйлесіп, ол кісіден рұқсат аламыз тікелей. Бұл сұрақ шешіледі 15-ші тамыз күні. Ешкім ешқайда бармайды деп уәде етеміз.
Бірақ, наразы халық мұндағылардың бір ауыз сөзіне де сенген жоқ. Сондықтан, жақын арада Білім министріне жүгінуді жоспарлап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!