Түркістан облысында жалақы алмаған жұмысшылар кімнен көмек сұрарын білмейді
Түркістан облысында мұнай өңдеп және сақтаумен айналысатын компанияның жұмысшылары жылдар бойы жалақыға зар болып жүр. Кәсіпорын былтырдан бері 80-ге жуық жұмысшысына 94 миллион теңге қарыз болған. Олар еңбек инспекциясынан бастап, прокуратураға дейін шағым түсірген. Бірақ, құзырлы органдар мұнай өңдеуші компанияға ештеңе істей алмай отыр.
Автор: Бек Әбиев
11.07.2018
Мұнай өңдейтін бұл кәсіпорынға бұл жігіттер апта сайын келеді. Жұмыс істеуге емес. Кезінде осы жерде төккен маңдай терлерінің ақысын алу үшін. Бірақ, күніге ертең беріледі деп шығарып салатын басшылық, соңғы уақытта көрінуді де қойған. Тіпті, күзетшілері бұларға тіпті есік ашпайды да.
-Мұнай өңдеумен және сақтаумен айналысатын СтРатус Ойл компаниясы жұмысын 2015 жылы бастаған. Тек алғашқы жарты жылын ғана мүдірмей жұмыс істеген мекеме ары қарай жалақы беруді кешеуілдете беріпті. Мәселен, қазір 80-ге жуық жұмысшысына компания 94 миллион теңге қарызы бар.
Үш жыл бұрын ашылар кезде бұл жігіттерді әр мекемеден аттай қалап алдырған. Басында 2-3 айлап жалақы бермеген кезде жұмысшылар ләм-мим демепті. Осыған еті үйренген болуы керек, кәсіпорын басшылары жұмыс тәуір жүріп тұрған кезде де түрлі сылтау айтып айлық беруді доғарған.
Ол аздай, кәсіпорын бұрынғы зейнетақыға деп ұсталған қаржыны да аудармады дейді.
Досжан Үсіпбеков, Түркістан облысының тұрғыны:
-2 жылдың ішінде зейнатақы қорыма ақша түскен жоқ. Телевидениеге шықпаңыздар бұл тірлік ушығып кетуі мүмкін деп ескертіп жатыр. Тіпті
ақша алуларыңыз қиын боп қалады деген смс келді.
Наразы топ кәсіпорынның басшыларына да, Алматыда делінген құрылтайшыларына да телефон шалып шаршаған. Жұмысшылары түгілі Стратус Ойл басшылары құзырлы органдарды пысқырмайтындай.
Қайрат Төлебаев, Түркістан облыстық еңбек инспекциясы басқарма басшысының орынбасары:
- 4 рет айыппұл салынды. Жалпы сомасы 1 миллион 448 мың теңгеге. Ең соңғысы тағы сотқа өткізді. Өйткені, нұсқаулық береміз мына мерзімге дейін төлеңдер деген. Бірақ, ол айыппұл төленіп жатқан жоқ.
Қазір ішкі істер органдарымен бұл кәсіпорынға байланысты қылмыстық іс те қозғалған. Алайда, не жұмысшыларын не мемлекеттік органдардың талабын шыбын құрлы көрмейтін компанияға бұл да әсер етпейтін сияқты. Сондықтан, Бас прокуратура араласпаса жұрт ақшасын сол күйі бермей кететін түрі бар деп қауіптенеді жұмысшылар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!