Назарбаев Бурабайдағы туризмнің кемшіл тұстарын атады
Бурабай екінші Швейцарияға айналуы тиіс! Бүгін Ақмола облысына барған Елбасы еліміздегі туризмді ақсатып тұрған кемшіліктерді атады. Әрі оны жойып, Қазақстанға саяхаттайтын шетелдіктердің санын арттыру үшін бизнесмендерді туризмге аямай инвестиция құюға шақырды. Әрі Нұрсұлтан Назарбаев Щучьедегі құрылысы сағызша созылған шаңғы трамплинін де ашып берді.
Автор: Досжан Маратұлы
11.07.2018
Шучьедегі атышулы шаңғы трамплині бұл. Бұдан секіру талай спортшының тағатын тауысқаны анық. Өйткені, нысанның құрылысы 11 жылға созылып, бүгін зорға дегенде пайдалануға берілді. Ал, оны ашып беруге президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанадан арнайы келді. Сөйтіп, шаңғышылардың су жаңа трамплиннен қалай секіретіндерін тамашалады.
Бірақ, 125 метр биіктіктен құлдилаған алғашқы атлеттің өзі-ақ сәтсіздікке ұшырады. Енді құны 38 миллиард теңгеден асатын трамплиннің пайда болуымен спортшылар бұлай сүрініп құламай, халықаралық ареналарды бағындыруы тиіс. Ол үшін шаңғымен секірушілер мұнда үнемі жаттықпақ.
-Елбасы ашқан Трамплиннің ерекшелігі сол, оның екі тұғыры бар. Яғни, бір мезетте екі спортшы секіре береді. Әрі қысы-жазы жаттығу жүргізуге болады. Сондықтан бұл спорт нысаны әлемде баламасы жоқ деп бағаланып отыр.
Ал, бұдан соң Елбасы мақтаулы кешенді аралады. Бірақ, спорт емес, көбінде туризм жайлы сөз қозғады. Әсіресе, президент көркіне көз тоймайтын Бурабайдағы кемшіліктерді Ақмола облысы әкіміне тізіп берді. Енді Мәлік Мырзалин туристерге лайықты Қонақ үйді көбейтіп, қызмет сапасын дұрыстауы тиіс.
НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
- Бурабай ауылының ішін жөндеу керек. Жұрт қыдыратын жер болуы керек. Жағажайдың бәрін жөндеу керек. Ол әкімшіліктің қарауында болуы керек. Бұған тура бір өндіріс секілді қарауымыз керек. Экономикамыздың бір саласы секілді қарауымыз керек.
Елбасы тек, Бурабайды ғана емес, еліміздің өзге де туристік аймақтарын дамытуға тапсырма берді. Әсіресе, Баянауыл, Шарын шатқалы мен Балхаш және Алакөл шетелдің курорттық аймақтарынан кем түспейді дейді президент. Сондықтан мұнда келетін шетелдіктердің санын арттыру үшін Үкімет шұғыл түрде кешенді жоспар құруы тиіс. Әрі Елбасы туризге ауылшаруашылығына бөлінгендей, мол субсидия берілетінін айтып отыр. Бұл кенже қалған саланың дамуына қарқын береді деген үміт бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!