Петропавлда құжат беретін орталықта жарық өшіп қалды
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
12.07.2018
Жалған ақпардың кесірі! Петропавлдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында ұзын сонар кезек пайда болды. Бұған құжат беру қызметі қымбаттайды деген сыбыс себеп болған. Ол аздай орталықта екі күн бойы жарықтың сөніп қала беруі жығылған үстіне жұдырық болып отыр. Ал, кезегін күтіп сарылған халықтың жүйкесі сыр бере бастаған. Орталық қызметкерлері болса жұмыс уақытын созса да, үлгіре алар емес.
Петропавлдағы облыстық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында аяқ алып жүру мүмкін емес. Құжынаған халық үш күннен бері осы жерді торуылдап жүр. Тіпті талон алуға да кезекте таңғы тоғыздан тұр.
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында тұрғындар жүргізуші куәлігін айырбастап, көлікті алып- сатуға қатысты құжаттар рәсімдейді. Бұл мекеменің филиалдары әлі ашылмағандықтан, облыстың 13 ауданының халқы да осы қызметтер үшін Петропавлға сабылады. Кешеден бері жарықтың жоқтығынан ауылдан келген жұртқа осындағы туыстарында қона жатуға тура келіпті.
-Бұл ықшамауданда соңғы жылдары құрылыс жұмыстары қарқын алған. Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының айтуынша, сол жұмыстардың барысында жер асты кабеліне зақым келген болуы мүмкін. Екі күн бойы орталық мүлде жұмыс істемеген. Кеше ғана түске таяу генератор іске қосылыпты.
Оның өзі жиі істен шығатындықтан кезектің азаяр түрі жоқ. Соңғы кезде әлеуметтік желіде тараған жалған ақпарат та жығылған үстіне жұдырық болды дейді орталық басшылығы
Серік Бейсенов, «Азаматтарға арналған үкімет» МК СКО филиалы директорының орынбасары:
-Біреулер уатсап желісі арқылы жалған ақпарат таратып жатыр. Онда тамыздың бірінен бастап жүргізуші куәлігін айырбастау құны 20 мың теңгеге дейін қымибаттайды делінген. Бүгін біздің Астанадағы комитет төрағасы сұхбат беріп, бұл хабарды теріске шығарды. Алайда кісі аяғы саябырсыған жоқ.
Осылайша Петропавлдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталылығы мамандары кезек мәселесі екі түйткілдің қатар келіп қалуынан туындады деп отыр. Мекеме басшылығы осыған орай қызметкерлердің жұмыс күнін де ұзартыпты. Жуық арада қалалық желі арқылы жарық беру жолға қойылуы тиіс екен. Жүргізуші куәлігі туралы ақпараттың да жалған екендігіне жұрт көз жеткізсе орталық әдеттегіше жұмыс кестесіне көшеміз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!