Елімізде филансерлер зейнетақы жарнасын төлемеу үшін түрлі айлаға баруы мүмкін
Өз-өзін жұмыспен қамтушылар зейнетақы жарнасын төлеуге міндеттеліп жатыр. Енді олар да айлық кірістерінің 10 пайызын қорға аударулары тиіс. Заңдағы бұл өзгеріс 2 күннен соң күшіне енбек. Бір қызығы, жарна алынатын табыс көлемін фрилансерлер өз беттерінше бекітеді екен. Сондықтан, зейнетақы жүйесінің жаңа қатысушылары да міндетті төлемнен қашып, түрлі құйтырқылыққа баруы әбден мүмкін.
12.07.2018
Ресми қызметі жоқ. Есесіне, бірнеше жұмысты қатар алып жүреді. Осылай табыс тапса да, фрилансерлердің көбі зейнет туралы мүлдем ойламайды. Бірақ, енді олар бұрынғыша жайбарақат жүре алмайды. Өйткені, түрлі компанияға, түрлі тапсырыс бойынша жұмыс істейтіндер де зейнетақы жарнасын төлеуге міндеттелуде.
Қадыржан Забих, «БЖЗҚ» АҚ қоғаммен байланыс департаментінің директоры:
-Бұл жарналардың мөлшері алған табыстың 10 пайыз мөлшерінде, бірақ бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының 10 пайызынан кем емес.
Яғни, төлем соммасы 2800 теңгеден кем болмауы тиіс. Ал, ай ішінде қалтасына көк тиын түспесе, қорға да ақша құймауына рұқсат. Оның үстіне жарна алынатын табыс көлемін фрилансерлер өз беттерінше бекітеді екен. Демек, табысын әлдеқайда аз көрсетіп, толық төлемнен жалтармастарына еш кепіл жоқ. Осындай кемшіліктерінің кесірінен заңдағы бұл өзгеріс сарапшылардың қатал сынына ұшырап жатыр.
Бота Жұманова, қаржы сарапшысы:
-Алдымен әр фрилансердің нақты табысы анықталуы керек. Мәселен, қазір дәл осы ереже бойынша зейнетақы жарнасын адвокаттар төлеп жүр. Олар 1 миллион теңгеге қызмет көрсетсе де, айлық кірісін 100 мыңнан артық деп айтпайды. Сөйтіп, қорға 10 мың теңгесін салып, тып-тыныш отыра береді.
Ал, қордағылар жағдайды мемлекеттік органдар жіті бақылайды деп алаңсыз. Десе де, салымшыларды негізсіз тексеруге ешкімнің құқығы жоқ екені белгілі. Айта кетерлігі, өз-өзін жұмыспен қамтушылар зейнетақы төлемін екінші деңгейлі банктер арқылы жасайды. Қаржы ұйымы, әрине, әр клиенттен комиссия ұстайды. Ал, бұл әлден салымшылардың наразылығын тудырып отыр.
Шолпан Жабаева, фрилансер:
-Банкке артық теңге бергім келмейді. Адал еңбекпен тапқан ақшамды неге комиссияға жұмсауым керек?! Зейнетақы қоры осы мәселені шешсе екен.
Қалай болғанда да, азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндердің қорға ақша аудара бергендері абзал Төлем әр айдың 25-інен кешікпеуі тиіс. Ал, заңға мүлдем бағынбағандар айыппұл арқаламақ. Оның үстіне базалық зейнетақы төлемін тағайындау енді салымшының бұл жүйеге қатысу өтіліне тығыз байланысты екенін де ұмытпаңыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!