Петропавлда 24 көпқабатты үйдің тұрғындары ыстық сусыз қалды
Халық монополистті «бұл қадамға әдейі барды» деп айыптап отыр. Жылу беретін кәсіпорын да ыстық суды әдейі ажырытқанын теріске шығармады. Осылайша тұрғындарды жылу есептегіш құралын орнатуға мәжбүрлемекші екен.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
13.07.2018
Бұл үйдің тұрғындары үш күннен бері жуынудан қалдық дейді. Шаһарда 24 көпқабатты үй ыстық судан ажыратылыпты. Монополист компания алдағы жылыту маусымына дайындық құжатын өткізбей ыстық су бермейміз деген хабарландыру іліп кеткен.
-Жылыту маусымына дайындық құжатын алу үшін үй ішіндегі құбырлар жуылып шайылып, оларға су толтырылуы тиіс. Бұдан басқа да бірқатар іс шара атқарылуы керек. Бірақ ең бастысы егер үйде жылу есептегіш құрал болмаса, бұл құжатқа монополист компания қол қоймайды және қабылдамайды.
«Жасыл экономика» бағдарламасы аясында қабылданған Үкімет қаулысына сай энергетиктер жылу есептегіш құралдары жоқ үйлерге қызмет көрсете алмайды. Ал судан ажыратылған 24 көпқабатты үйлердің тұрғындарын монополистер он жылдан бері осындай құрал орнатуға көндіре алмай жүр екен. Жылда қара күзге дейін оларға жылу бермей қасарысқанымен, жеме жемге келгенде әкімдік арасалып жылу бәрібір берітелін.
Валентина Кечигина, Петропавл қаласының тұрғыны:
-…. Мына 108 үй тұрғындары жылу есептегіш құрал орнатты. Оларда сол жылдары жылу болмағаны былай тұрсын, жылу ақысы да 20 теңгеге қымбаттап шыға келді. Былтыр ол құралды алып тастап еді, қыста рахаттанып отырды.
Көршілерінің күйін көрген мына жұрт, біз неге олардың қатесін қайталауымыз керек дейді. Жарты миллион тұратын құралдың құны да тұрғындардың мойнына ілінеді екен. Яғни, олар 4 жыл бойы қосымша 300-500 теңгеден төлейді деген сөз.
Ермек Наурызбаев, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Біздің балаларымыз бар кішкентай. Суға түсу керек. Жаздыгүні мына ыстықта қалай.?
Ашынған жұрт жылу беретін компанияның басшылығына да барды. Ондағылар өз дегендерін орындатпай, ыстық су болмайды деп кесіп айтты.
Виталий Холоша, «Петропавл жылу орталығы» ЖШС бас инженері:
-Біз бұл үйлерді ыстық судан ажыратуға мәжбүрміз. Өйткені олар біздің жылу есептегіш құралға қатысты талабымызды орындамай отыр. Ол құрал орнатылмай жылу беру маусымына дайындық құжатына қол қоймаймыз. Ол құжат болмаса, ертен бұл тұрғындар ыстық судан ғана емес жылудан да қағылады.
Бұл текетірестің монополист пайдасына шешілері айдан анық. Өйткені, осындай әдіспен Петропавлдың жартысына өз құралдарын орнатыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!