Астанада Елбасының қолынан пәтер алған өрт сөндіруші бала-шағасымен далада қалғалы тұр
Пәтерін тартып алмақшы. 20 жыл өмірін өрт сөндіру қызметіне арнаған азамат 4 баласымен далада қалайын деп тұр. Қайыржан Нұрқайдаров бір кездері ерен еңбегі үшін пәтер кілтін Елбасының қолынан алған екен. Бірақ, Төтенше жағдайлар комитеті оны жұмыстан қуып, Ішкі істер министрлігі берген пәтерін қайтарып алмақ. От пен судың арасында жүріп, талай жанды ажалдан арашалаған азамат енді кімге мұң шағарын білмейді.
Автор: Ербол Тұрымбет
13.07.2018
Қайыржан Нұрқайдаров өрт сөндіруші боп 17 жылдан астам еңбек етіп келеді. Өмірін қатерге тігіп, денесі күйіп, газ балоны жарылған сәтте қабырғаға жабысып қалған сәттері әлі есінде. Осынша еңбегі еленіп, 2009 жылы Елбасының қолынан осы үш бөлмелі пәтердің кілтін алған. Осында берекелі тіршілік кешіп жатқанда, бір ай бұрын сау етіп екі полиция қызметкері кіріп кепті.
Қайыржан Нұрқайдаров:
- Есікті қақты. Ашсам, екеуі кеп тұр, «Қайыржан сіз бе?» дейді. «Иә» дедім. «Бізде тұрғын үй комиссиясы бар, сіздің пәтеріңіз ІІМ-нің қарамағында тұр, босатыңыз» дейді. Оны біз 4 жылдан кейін біліп тұрмыз. Бізге ешкім айтпаған.
Пәтер о баста жалдамалы тұрғын үй ретінде берілген. Бірақ, кейінгі тағдыры шым-шытырық. Қайыржан "101" қызметіндегі жалақының аздығынан екінші жұмысқа кірсе, мұның заңсыз деп 2013 жылы өзі сияқты 165 адамды жұмыстан шығарған.
Қайыржан Нұрқайдаров:
-Бәрі де қосымша табыс тапты. Қиын уақыттар еді. Табысымыз түкке жетпейді. Отбасын асырау керек. Содан 1-ЖЭС-на өрт қауіпсіздігі бойынша екінші жұмысқа кіргем.
Ал бір жылдан кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ішкі істер министрлігінің құрамына өткенде пәтердің құжаттары, яғни жалдамалы тұрғын үй бойынша келісімшарт ұшты-күйлі жоғалған. Ал банктер ай сайынғы төлемді қабылдамайды.
Жанар Шөгебаева, Қ. Нұрқайдаровтың жары:
- Жылдың басында барғанда сіз енді төлемейсіз дейді. 2015 жылға дейін бізде келісім құжатында бар ғой дедім. Сіздің қағазыңызды ТЖК әкетті деді. Сосын біз министрлікке жаздық хатты. Сонда бізге бір қағаз келді. Сіздің құжаттарыңыз бізде жоқ деп.
Жоқ деген құжат арада 4 жыл өткенде ІІМ-нен табылып отыр. Сөйтсе баспана бұл кісілерге жалдамалы емес, қызметтік пәтер ретінде берілген болып шықты.
-Қайыржан Нұрқайдаровтың Төтенше жағдайлар комитеті қызметкерлерінің сапынан шығып қалғанына биыл бесінші жыл. Осыны бұлдап, Ішкі істер министрлігі пәтерін тартып алмақшы. Бірақ, министрлік неге оны енді ғана естеріне түсіре қалды? Ерен еңбегі үшін деп берген марапаты қайда қалды? Сұраққа жауап жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!