Жақып Асанов қолшоқпарға айналған судьяларды сынға алды
Судьялар кімдердің сойылын соғып жүр? Жоғарғы сот төрағасы рейдерлікпен айналысатындар судьяларды біреудің дайын бизнесін тартып алу үшін пайдаланып жүргенін ашық айтты. Ал Жақып Асановтың қарамағындағыларына қарапайым азаматтар сенуден қалған. Тіпті бас қазы жазықсыз жанды түрмеге тоғытып, қаншама адамды жылатып жүргендердің де атын атады.
Автор: Жәудір Оразхан
13.07.2018
Негізі, Жақып Асанов «ауруын» жасырмайды. Ол Бас прокурор болғанда да бағыныштыларына «кітап оқымайтын сауатсызсыңдар» деп бетіне басқан. Ал бүгін Жоғарғы сот төрағасы ретінде судьялар рэкеттердің қолшоқпарына айналғанын ашық айтты. Жарты жылдық жұмысын қорытындылаған Асанов әдеттегідей басшыларға емес, қатардағы қызметкерлерге сөз берді. Мұны ерекше құрмет көрген судьялар кәдімгідей толқып кетті.
- Осындай биік мінберден сөйлеймін деп үш ұйықтасам түсіме кірмеп еді. Бұл күн менің мәңгі есімде қалатын болды .
Сотта өздерін сұсты ұстайтын судьялар бүгін сондай мейірімді. Тіліміз бен жүрегіміз жұмсарды дейді. Қазылар соңғы кезде психологиялық кітаптар оқып жүр екен.
-Сот шешімін түсіндіруді дұрыс пайдалансақ адамның жүрегін елжіретіп, мейірімділікке жол ашатын тиімділік құралға айналдыруға болады. Ол тілдесу ілімін меңгеру.
Шаттанып, шабыттанған судьялар кейін ұлы ойшылдардың дана сөздерін жатқа айтып жарысты. Алайда Асанов бұған алданған жоқ. Жазықсыз жандарға қатаң үкім кесіп, талайдың тағдырына балта шапқан судьялардың атын атады. Алматы мен Ақмола облыстарындағы рейдерлік жолмен біреудің кәсібін тартып алып беріп жүрген билердің былығын бетіне басты.
Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы сот төрағасы:
-Ашықтан-ашық рейдерлікпен айналысып жүр. Алматы мен Ақмола облысы сотының төрағалары Әбдіханов пен Әміров мұны көрмей қалдыңыздар ма? Іс сіздер арқылы өтеді. Сіздерді біреудің кәсібін тартып алу үшін пайдаланып отыр.
Ал Жамбыл облысында аудандық судья жергілікті тұрғынды өмір бойы біреудің малын бағу құқығынан айырыпты. Маңғыстау облысында «есірткі сатты» деген жалған жаламен күдіктіні 10 жылға соттап жібергені анықталған. Судьялардың әділетсіздігінен жапа шеккендердің санында шек жоқ. Біздің сотқа шетелдік инвесторлар да сенбейді. Ал қарапайым азаматтардың тіпті көңілі қалған. Прокурорлар да судьялардың қателерін түзеуден шаршағандарын айтады.
Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
- Жоғарғы сотта бас прокурордың наразылығымен 700- ден астам соттың үкімдері өзгертіліп отыр. Оның ішінде 12 ақтау үкімі бар. 200 астам адамдардың мән-жайын жеңілдететін үкімдер бар.
Оның үстіне соңғы жылдары судьялардың жұмысы екі есеге артыпты. Қылмыстық іс көбейген. Жұрт құдасымен ұрсып қалса да соттасатын әдет тауыпты. Әсіресе, Астана мен Алматының судьялары күніне 15-20 шешім шығарамыз деп, Асановқа жылайды екен.
Жақып Асанов, Жоғарғы сот төрағасы:
-Қит етсе, сотқа беремін, құртамын, жоямын дейтін жағымсыз әдет әлі де бар. Ол қара басын ойлаған, мәдениеті төмен адамдарға тән қылық. Нағыз жөнсіздік, әдепсіздік. Мен көргенсіздік деп айтуыма да болады.
Сондықтан, Жоғарғы сот қазір ауыл-елді аралап, келісімге келіп, сотқа дейін татуласуға үгіттеуге көшкен.
-Сонымен, ЖоғарҒы соттағы төрт сағатқа созылған жиында сан түрлі сын айтылды, ұсыныстар болды. Мәселен, Асановтың кеңесшісі билер сотын қайта құру қажет дейді. Әр аудан, ауылда құрметті, жұрт сөзіне құлақ асатын ақсақалдар бар. Дауласып қалғандар бірден сотқа жүгірмес үшін елге абыройлы азаматтар ақ-қарасын ажыратып берсін дейді Сағатбек Сүлеймен. Сонда судьялардың да жүгі жеңілдейді екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!