Біртанов денсаулығына салғырт қарайтын келіншектерге ескерту жасады
Астанада өршіп тұрған ана өлімі Үкіметке жетті. Кеше төртінші келіншек перзентханада көз жұмған. Жағдай ушығып бара жатқандықтан бүгін премьер-министр Денсаулық сақтау министрі мен қала әкімінен әйелдердің өліміне қатысты есеп алды. Дегенмен тексеру қорытындысы әлі дайын емес болып шықты. Ал өлім-жітім себебін анықтау үшін шенеуніктер Израильден арнайы маман шақырып қойған.
Автор: Жәудір Оразхан
17.07.2018
Аяғы ауыр әйелдер Астанадағы №1 перинаталдық орталықтан әбден қорқып қалған. Бұл перзентханада бір айда босануға келген 3 келіншек көз жұмған еді. Енді қайғы-қасірет Елордадағы екінші перинаталдық орталыққа ауып отыр. Мұнда да дүниеге бала әкелмек болған ана дәрігерлердің қолында ажал құшты. 34 жастағы келіншектің бұл үшінші сәбиі екен. Ол қызын босанған соң жан тапсырған.
Гүлнәз Досмырзаева, Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологы:
-16-шілде күні өздігінен табиғи жолмен босанды. Босанудан кейін бірден жағдайы нашарлаған. Астана қаласының білікті мамандары мен Ана мен бала орталығының білікті мамандары уақытылы көмек көрсетілді. Қолдан келген жағдай жасалды. Бірақ өкінішке орай осындай жағдай болды.
Ал дәрігерлердің салғырттығы туралы сұраққа бас акушер тіл қатпады. Сонымен, Астанада айналдырған екі айда 4 әйел толғақ үстінде мерт болды. Бүгін бұл мәселеге премьер-министрдің өзі араласты. Бақытжан Сағынтаев Денсаулық сақтау министрі мен қала әкімінен кезек-кезек аналардың өліміне қатысты сұрақ қойды.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Астана қаласындағы амбулаториялық деңгейдегі осы әйелдерге қандай қызмет көрсетілді, соны тексеріп жатырмыз. Үлкен мәселе бар деп айтуға болмайды. Кейбір жағдайда сол әйелдердің негізгі денсаулығына байланысты.
Яғни, бас дәрігер «ауру екенін біле тұра бала көтеретін келіншектердің өзін жазғырды. Елжан Біртанов денсаулығында кінәраты барлардың жүкті болуы - өміріне аса қауіпті екенін сан қайталады. Перзентханада көз жұмған аналардың көбі созылмалы дертке шалдыққан. Және бала көтерген күннен емханаға тіркелмей, ұзақ жүріп қалғандар дейді Бас дәрігер. Алайда Астанадағы келіншектердің өліміне нақты не себеп болғаны әлі ресми жарияланған жоқ.
Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:
-Барлық жағдайлар бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен талқылап, нақты іс-әрекеттің жоспарын құрдық. Сондай-ақ, тәуелсіз сараптама жүргізу үшін акушерлік-гинекологиялық көмек көрсету үшін Еуропаның мықты деген Израиль мамандарын шақырып отырмыз. Мәселе бақылауда.
Осылайша, шенеуніктер мен дәрігерлер кім кінәлі деп әлі жүр. Ал астаналық перзентханаларда ана сүтінің дәмін татпаған төрт бала жетім қалды. Олардың әрқайсының жағдай әртүрлі.
-Жалпы, биыл елімізде 31 әйел босанамын деп көз жұмған. Ана өлімі бойынша қара тізімнің басында Ақмола облысы тұр. Бұл өңірдегі перзентханаларда жарты жылда 6 әйел мерт болыпты. Өлім жағынан екінші орында Түркістан облысы. Елімізде күніне 400 жуық бала дүниеге келеді екен. Ал аймақтарда акушер-дәрігер жетпейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!