Павлодарға барған Назарбаев су мен жол мәселесін дереу шешуді талап етті
Инфрақұрылым адам көргісіз. Павлодарға жұмыс сапарымен барған президент Нұрсұлтан Назарбаев облыс басшысын сынға алып кемшіліктерін бетке басты. Өңір қазба байлықтардан кенде болмаса да дайын өнім шығарумен ешкімнің ісі жоқ. Мыс пен алюминийін айтып мақтана беретін өңірде ауылшаруашылығы да ақсап тұр. Баянауылдай тұмса табиғаты бар жерде туризм дамуы көңіл көншітпейді.
Автор: Ербол Тұрымбет
17.07.2018
Павлодар өзі сондай ма, əлде Елбасының келуін күтті ма екен, қаланың шырайы кіріп ақ тұр. Сəн үшін тұрған мынадай бағдаршам қай елде жоқ дейсіз. Əйтпесе, көшелері түнімен тынымсыз сыпырғандай тап таза. Сөйтсек, бұл облыс орталығына ғана тəн жағдай екен. Не жолы, не суы жоқ ауылдар жетіп артылады. Мемлекет басшысы мұны қатты айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті :
- Облыста 370 елдімекеннің 76 пайызы орталық су жүйесіне қосылмаған. Аймақтардағы бұл ең нашар көрсеткіш. Неге бұлай? Түсіне алар емеспін. Мұнда су қоры жеткілікті ғой.
Инфрақұрылымның икемге келмейтінін облыс əкімі Болат Бақауовтың өзі де мойындады. Туризмге сұранып тұрған Баянауылдай табиғат маржанында ауызсу жүйесі дұрыс емес. Облысты басқарғалы екі жылдан асса да осы шаруаны əлі тындыра алмапты.
Болат Бақауов, Павлодар облысының əкімі:
- Жасыбай көлі маңындағы демалыс аумағында әліден-ақ электр қуатының жетіспеушілігі байқалды. Баянауыл, Жасыбай мен Торайғы елді мекендерін сумен қамту мәселесі де шешімін таппай отыр.
Президенттің айтуынша, Қазақстанның маңдайалды өндіріс орындарының бірі алюминий зауыты осында орналасса да əлі күнге осы металдан ыдыс аяқтың өзін жасай алмай келеміз. Сондықтан, табиғат байлығын сыртқа жөнелте бермей, дайын өнімге ден қою керек дейді. Ал ауылшаруашылығы туралы айту тіпті қиын. Еліміздің ең ірі өзені облыс аумағын толығымен басып өтеді. Соған қарамастан, далиып жатқан далада суармалы жерлер тым аз.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Аграрлық салаға мемлекет мол қаржы бөліп отыр. Бірақ бұл қып-қызыл шығын. Өйткені ауылшаруашылығына бөлінген қаржы құмған сіңген судай жоқ боп кетеді. Қарызға батып банкрот болады. Мүмкін бұл кәсіпорындарды тартып алу керек шығар? Мемлекетке тағы шығын бұл. Осындай жағдайда шаруашылық қалай дамиды?
Кеңес заманында Павлодар облысында ауылшаруашылығына пайдаланылатын жер аумағы 145 мың гектарға дейін жетіпті. Қазіргі көрсеткіш соның үштен біріне татымайды.
- Ауылшаруашылығы ғана емес, кəсіпкерлік саласы да солғын. шағын жəне орта кəсіпкерлік облыстың даму көрсеткішінің небəрі 17 ақ пайызын құрайды. Елбасының мықтап айтқан үш тапсырмасының бірі осы болды. Павлодарға кеп тұрып мұнай өңдеу зауыты туралы сөз болмау мүмкін бе?! Қазіргі үш бірдей мұнай химия зауытынан бөлек, Елбасы енді төртіншісін салу керектігін айтып қалды. Əйтеуір, Президент бір күндік сапарында талай мəселенің басын қайырып, Ертістің бойы бір сəтке Есілдің сол жағалауына ұқсап кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары