Астанада балық ауламақ болған жасөспірім суға батып өлді
Астанадағы Нұра-Есіл каналына тағы бір бала батып өлді. 14 жастағы жасөспірім балық аулауға келген екен. Сосын суға да түсіпті. Содан жағаға шықпаған. Оның денесі бүгін таңға жуық табылды. Жалпы, соңғы бір айда Нұра-Есілге 9 адам ағып кетіп, көз жұмған. Осы жағдайлардан кейін құтқарушылар қауіпті каналға жақын орналасқан саяжайдағы үйлерді аралап, тұрғындарға ескерту қағазын таратты.
Автор: Жәудір Оразхан
19.07.2018
Бір қарағанда Нұра-Есілдің арнасы аса үлкен емес. Каналдың суы бұлқынып ағып та жатқан жоқ. Соған қарамастан бір айда 9 адамның өмірін жалмады. Суға кеткендердің жетеуі балалар. Мұнда түскендер бірінен соң бірі батып кетіп жатқанын естіп, біліп отырса да тұрғындар осы жерге үйір. Мұнда үлкендер ау құрады, кілем жуады, жасөспірімдер шомылуға келеді. Төтенше жағдай қызметкерлері «ажалды судан» бүгін тағы бір мәйітті алып шықты.
Құтқарушылар 14 жастағы баланың денесі осы маңнан тапқан. Жасөспірім Есіл-Нұраға балық аулауға келген екен. Күннің ыстықтығына шыдай алмаса керек, каналға түсіп шомылмақ болған. Алайда судан сол күйде қайтып шықпады. Жағалаудан оның қармағы, киімдері мен ұялы телефоны табылған.
Марқұм балық аулауға қатты қызыққан екен. Ол туыстары бір ай бұрын туған күніне сыйлаған қармақты алып, ешкімге ескертпей Нұра-Есілге кеткен. Содан оралмады. Ал ата-анасы жұмыста болған дейді көршілері.
Бақытгүл Нысанбаева, саяжай тұрғыны:
-Үш ай болды келгендеріне. Квартиранттар.Жұмыс істеуге. Әкесі де, шешесі де жұмыс істейді. Балалар өздерімен өздері болады. Саябақтың тұрығндарының балалары каникулға шыққанда баратын, ойнайтын жері жоқ. Сондықтан каналдың маңын айналшықтап жүреді.
Расымен де қанша қауіпті болса да жазғы демалыс бастала сала мектеп оқушылары осы каналдан шықпайды. Ал жағалау адам-жүріп тұруға өте ыңғайсыз. Аяғыңыз тайып кетсе, каналдан қайта шығу қиын. Жуырда дәл осы жерде кілем жумақ болған келіншек екі қызымен бірге суға ағып кеткен еді. Қайғылы оқиға көбейген соң құтқарушылар да қимылдай бастағандай. Бүгін төтенше жағдайлар қызметкерлері журналистерді шақырып, саяжайдың кіре берісіндегі екі-үш үйге ескерту таратты да қайтты.
Кейін құтқарушылар каналдың жағалауына «шомылуға болмайды» деп жазып қойды. Енді суға тұншығып көз жұмғандардың суретін ілмек.
Эльдор Райымбеков, Астана қаласы ТЖД бөлім басшысы:
- Ата-ананың көлеңкесі, о дүниеге кеткен. Суда жатқан адам. Сондаймен бердік. Және астында статистика бар. Қазір бұны жергілікті әкімдіктермен осы суда қайтыс болған жерге, барлық жерге орнатамыз. 70-80 пайызы осы каналда өлген ол ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыру.
Негізі, құтқарушылар адамдарға шомылу маусымы басталарда да ескерту жасапты. Тұрғындар тыңдамайды дейді. Енді сақшылар Есіл-Нұраны күзетіп, шомылуға тыйым салынған каналға түскендерге шетінен айыппұл салмақ. Ал еліміз бойынша айтсақ, жыл басынан бері 160 адам суға ағып кеткен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!