Алматы облысында жалақысын даулаған жұмысшылар зауыттың жұмысын тоқтатып тастады
Алматы облысында мардымды жалақы ала алмай жүрген фармацевтика зауытының жұмысшылары жұмысқа шығудан бас тартты. Шайлығына жетпейтін айлық алып, адам төзгісіз жағдайда еңбек етуге мәжбүр болған олардың шыдамы шегіне жеткен. Арасында төрт жыл бойы заңды еңбек демалысына шықпай, кәсіпорында жіпсіз байланып отырғандар да көп. Ал айлықты көтеріп, зауыттағы жағдайды дұрыстау туралы талабын айтып басшыларына барса, бірден жұмыстан қуылатын көрінеді.
Автор: Әсем Лесбек
20.07.2018
Шығарса шығарып жіберсін, айтамыз енді болды, шешінген судан таймайды дейді, до конца барамыз...
Бүгін жүзден астам жұмысшы жұмыс орнын тастап, басшылықтың назарын өздеріне аудармаққа тырысты. Медициналық препараттар шығарумен айналысатындар Келун Казфарм зауыты басшысының бос уәдесіне сенуден қалған. Себебі олардың жалақыны көтеріп, қарық қыламыз деп айтқанына бірнеше жыл өтіпті. Талапты күшейтіп, жұмыс жоспарын арттырғанымен тоқтамаған басшылық, заңды еңбек демалысын да алып тастаған.
Мақпал Жұмабайқызы, зауыт жұмысшысы:
-Тоқтамай жұмыс істейміз. Ол жерде терезе ештеңе жоқ, кондиционер арқылы азон жібереді. Біздерді шығармайды, істей беріңдер ештеме етпейді дейді да, ал өздерінің біреуі оның ішінде жүрмейді қытайлар.
Жұмысшылардың айтуынша, түрлі антибиотиктер шығаратын зауыттың негізгі құрылтайшысы - Қытай азаматы. Олар қатаң талапты тек қазақстандық жұмысшыларға қояды екен.
Нұрбол Жайылбаев, зауыт жұмысшысы:
- Осы жұмысшылардың арқасында, зауыт осындай дәрежеге жетіп отыр. Оны елеп отқан біреуі жоқ бастықтардың. Жұмыс ұнамай ма шыға бер дейді.
Жұмысшылар бұған дейін де зауыттағы жағдайды айтып құзырлы орындардың барлығына шағымданған. Бірақ, еш өзгеріс жоқ. Сондықтан жұмыстан бас тарттық дейді. Жағдайдың ушыққанын сезген зауыт басшылары болса тілшілерді қызметкерлермен бірге ішке кіргізбей қойды.
- Телевидение кірмейді!
- Не үшін?
-Приказ начальства! Не знаю я, откуда знаю?!
Ашуға булыққандар, мекеме өкілінен жауап алмайынша ешқайда кетпейміз дейді. Десе де құтылмасын білді ме, іштен өзін кадр бөлімінің басшысымын деп таныстырған кәсіпорын өкілі шықты. Ол да компанияның бұл жұмысшыларға жабысып отырмағанын айтты.
Ғазиза Бижігітова, фармацевтика зауытының бөлім басшысы:
-Бұл қытайдан келген инвестиция ғой, бұларды ешкім қинап жұмыс істетіп жатқан жоқ.
Осылайша жауапты қысқа қайырған кәсіпорын басшылығының өкілі наразы топтың сөздерінің шындыққа жанаспайтынын айтады. Ал жұмысшылар жақын арада мәселе шешімін таппаған жағдайда тағы да наразылық білдірмекші. Әрі зауыт құрылтайшысын сотқа беріп, жазғы демалысын ақысыз еңбекке жеккені үшін еңбек инспекциясына да шағым жазбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!