Алматы облысының жұрты азамат соғысының құрбандарына ескерткіш орнатуды талап етуде
Алматы облысының халқы азамат соғысының құрбандарына ескерткіш орнатуды талап етуде! Қапал ауылы маңында жерленген оларға жұрт ақша жинап өз есебінен белгітас орнатқан екен. Ауыл ішінде де солардың аруағына арнап ашылған саябаққа тұрғындар былтыр ағаш егіпті. Алайда халықтың бұл игі ісі шенеуніктер тарапынан қолдау көрмеген. Өйткені бұл зираттың саяси мәртебесін анықтайтын құжат жоқ. Ал ауыл сыртындағы қоршауы да жоқ моланың үстімен көліктер жөңкіп жүр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
23.07.2018
Қапал ауылының сыртындағы бұл зираттың 200 жылдық тарихы бар. Көнекөз қариялардың айтуынша, өткен ғасырдың 20 жылдары мұнда азамат соғысының құрбандары жерленген екен. Аты -жөні белгісіз, бірінің үстіне бірі көмілген оларға кейін жұрт жиналып, белгітас орнатыпты. Былтыр олардың аруағына арнап, жылда ас беретін жұрт ауыл ішінде де шағын саябақ ашамыз деп ағаш отырғызыпты. Алайда жұрттың еңбегі сол күйі еш кеткен.
Серік Қажатай, Қапал ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:
-Ол теректі алғанда лесхоздан алған. Жартысының өзінің тамыры бар жартысының тамыры жоқ алды да , жаңбыр жауып тұрғанда тез-тез отырғызды да кетті. Келетін су да жоқ бұған. Тау жақтан алып келу керек суды. Судың бәрі жерге сіңіп кетеді. Су кірмейді бұның ішіне.
Ауыл белсенділері осы бейіттердің тарихына тереңірек үңіліп, жан- жақтағы мұрағаттарға сұрау салдырған екен. Келген жауаптардың арасынан 1921 жылы жазылған хаттың көшірмесі шыққан. Оған сай бұл бейіттерде уақытша үкімет қаулысымен атылған большевиктер мен азамат соғысында қаза тапқандар да жатыр делініпті.
Сергей Кошевой , «Жетісу казактарының орталығы» қоғамдық ұйымының жетекшісі:
-Бұл көшірме біздің еліміз үшін әлі ресми болып есептелмейді. Оған Сібір археология және тарих ғылымдары академиясы мөр басып қол қоюы керек. Сонда ғана бұл хат ресми құжат болып танылады.
Сонда ғана әкімдіктегілер зираттың саяси маңызы барын мойындап, оны өз балансына ала алады екен. Оның күтіміне деп қазынадан қаржы бөледі.
Валерий Похоруков, Қапал ауылының тұрғыны:
- Репрессияға ұшырағандарға арнап, біздің еліміз қанша қаржы бөледі. Бірақ солардың бәрі қайда кетіп жатыр. Мына саяси құрбандардың олардан несі кем,аруағын сыйласа болады ғой.
Былтыр жергілікті белсенділердің бұл зерттеуінен хабары бар аудан әкімі оларға қаржы бөліп, тарихшыларды Омбы қаласына жіберемін деп уәде етіпті. Бірақ ол сөзінде тұрмаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!