Жемқорлыққа қарсы агенттік делдалдарға қарсы жаппай күресті бастады
Жемқорлықпен күрес агенттігінің өкілдері делдалдарға қарсы жаппай күресті бастады. Агенттік қызметкерлерінің айтуынша, еліміздің барлық өңірінде, Алматы мен Астана қалаларының теміржол бекеттерінде де делдалдық өршіп тұр. Жұрт билет сатып алайын десе, кассада түк қалмайды. Ал пойыз вагондары жартылай бос кетеді. Мұның себебі неде?
Автор: Ербол Тұрымбет
23.07.2018
Билетке жарымай жүрген жұрттың жайына қанық болған жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің өкілдері делдалдарды аңдуға өздері кірісіпті. Мына бейнекөріністе теміржол саласына түк қатысы жоқ болса да билет саудалап жүрген жандар көрсетілген. Бұлар бағасын қымбататып жібереді. Одан қалды, пойыз жолсеріктері де олардан қалар емес. Жолаушыларды билетсіз алып кету үшін қызметін ұсынуда.
Мұндай бассыздыққа агенттік өкілдері құр қарап отыра алмапты. Мына кадрдың бәрін солар түсірген. Айтуларынша, еліміздегі 14 облыс пен үш ірі қаладағы теміржол бекеттерін осындай пысықайлар жайлаған.
Олжас Бектенов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:
-17-шілдеден бастап барлық өңірде қоғам белсенділерімен бірлесе отырып, астыртын сатып алушы әдісі арқылы бақылау шараларын өткізіп жатырмыз. Сондағы көз жеткізгеніміз, кассаларда билет табылмайды. Өйткені билеттің бәрі делдалдардың қолдарында жүр.
Соның кесірінен, осы күндері Алакөлге демалуға барғысы келгендер билет таба алмай сенделіп жүр. ҚТЖ басшылығы болса бұл мәселеге қанықпыз, заңсыз билет сатылымымен о бастан күресіп келеміз дейді. Сол үшін қыруар қызметкерін жұмыстан қуып, қызметін төмендетіп жатқанын дәлел ретінде келтірді.
Данияр Нұрмағамбетов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ даму жөніндегі вице-президенті:
- 10-сәуірден бастап біз бақылауды күшейттік. Соның арқасында 2 пойыз басшысы мен 27 жолсерікпен келісім-шарт бұзылды. Тағы 80-нен астам қызметкерімізге сөгіс жарияланды. Яғни жазғы маусымда осындай қиындықтар болатынын біліп, біз көктемнне бастап қолға алғанбыз.
Теміржолшылардың бұл жауабы бәрібір агенттік өкілдеріне жақпады. Өйткені, баяғы жартас бір жартас. Бекеттерде делдалдар сол күйі өріп жүр. «Қазақстан темір жолының» заңсыз бизнеспен күрес тәсіліне көңілі толмаған агенттік енді бұл мәселеге өздері кірісіп, ҚТЖ мамандарымен бірге жаңа жолдарын қарастырмақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!