Алматыда дипломы бар ұшқыштар жұмысқа тұра алмай тентіреп жүр
Ұша алмай жүрген ұшқыштар! Алматыдағы азаматтық авиация академиясының былтырғы 19 түлегі жұмысқа тұра алмай тентіреп жүр. Себебі, төрт жыл оқып, диплом алған жастарға ұшақ тізгіндеуге арналған куәлік әлі берілмепті. Министр Жеңіс Қасымбек шетелдің білікті мамандарынан тәлім алғанын растайтын құжатсыз лицензияны беру қауіпті деп отыр.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
24.07.2018
Академияда төрт жылын сарп еткен Нұртілек Ермекбаевтың аспан көгінде самғаймын деген арманы күл-талқан болғалы тұр. Себебі, ұшақ тізгіндеуге рұқсат берілетін куәліксіз дипломның құны көк тиын.
Нұртілек ЕРМЕКБАЕВ академия түлегі:
-Бізді қазір авиакомпаниялар шақырып жатыр жұмысқа. Барайық десек лицензия жоқ. Лицензия болмаса құр дипломмен ол жерде қабылдамайды. Теориялық, практикалық ұшу тестерінен бәрін жақсы жаптық. Барлық құжаттарды тапсырып, жібердік. Бірақ сонда да бермей жатыр.
Бұл өткен жылы азаматтық авиация академиясын тәмамдаған 19 түлек. Әуе компанияларына жүмысқа орналасу олар үшін мұңға айналған. Академия жіберген Испания, Болгария аэродромында ұшақ тізгіндеп, тиісті оқу-тәжірибесінен төрт көз түгел барлық түлек сәтті өтіпті. Алайда, авиация комитеті 29 адамның неге тек онына ғана лицензия бергенін жастар түсіне алар емес.
Бауыржан СЕРІКҚАЗИНОВ академия түлегі:
-Біріміз бірдей ұштық. Чек тапсырдық. Өттік деген қағазды бәріміз алдық. Ал, мұнда келгенде бірінші поток алды. Ал, біз алған жоқпыз. Неге алмадық деп хат жаздық. Екі ай болды жауап жоқ.
-Ол лицензияны алмасақ біздің уақытымыз күйіп кетеді. Қалтамыздан ақша шығарып, созу керек болады сосын.
Бір жыл бұрын дәл осы авиация академиясының курсанты мен инструкторы Алматы іргесіндегі Ұшқоңыр ауылында ұшақ апатына ұшырап, қаза тапқан еді. Оқыс оқиғадан кейін болашақ ұшқыштардың кәсіби біліктілігі басты назарға алынып, аталмыш оқу ордасынан әуе кемесін басқаруға құқық беретін куәлік алу қиындай түсті. Сондықтан Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек лицензия беру үшін түлектердің ұшаққа отыруға дайын екендерін растайтын шетел мамандарының құжаты ауадай қажет екенін жеткізді.
Жеңіс ҚАСЫМБЕК ҚР Инвестициялар және даму министрі:
-Ол ұшқыш мыңдаған адамның өміріне жауапты. Сол себепті, қателік жіберуге мүлдем болмайды. Әр түлектің тәжірибе кезінде қанша уақыт ұшқанын және ұшақ басқару шамасын нақты білу керек. Куәлік оңайшылықпен берілетін құжат емес.
Отандық авиацияның тірегі болар түлектердің ұшағы қиялдарында ғана самғап тұр. Өйткені, курсанттардың бір жапырақ қағазды әлі қанша уақыт күтетіні белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!