{metadescription}
Астана іргесінде бүтін бір ауыл тұрғындары қатынайтын жол сатылып кеткен
Астана іргесінде бүтін бір ауыл тұрғындары қатынайтын жол сатылып кеткен

Астана іргесінде бүтін бір ауыл тұрғындары қатынайтын жол сатылып кеткен

Жүрерге жол жоқ. Астананың іргесіндегі Қосшы ауылының тұрғындары бюджеттен бір тиын сұрамай, өздері жамап-жасқап отырған жолынан айрылып қалды. Оның себебі, қалталы біреу жер аумағы менікі деп жолды жауып, қоршау тұрғызып тастапты. Дүрліккен ауыл жұртына басу айтқан әкім дөкейдің жерін айналып өтетін жол салып береміз деп уәде еткен. Бірақ, онысы құр алдарқату ғана екен.

-Кәсіпкердің қоршап алған аумағы шамамен 2 гектардай жер. Мұнда жоспар бойынша не тұрғын үй, не дүкен сынды коммерциялық мақсаттағы бір нысан салынуы керек. Ауыл тұрғындары болса амалсыз осылай біреудің бақшасына түскен ұрыдай астынан өтіп жүр. Әсіресе жаңбырлы күндері тіпті қиын. Мұнда не жүретін жол жоқ, аяқтың асты балшық.

Бұл жерден бәрі бас иіп өтеді. Жұрттың сөзін пысқырмаған біреу жерді сатып алдым деп қаңылтырдан қоршау тұрғызған.

-Ойбай, міне, өткеніміз осы. Қоқысымыз мынау.

Бұл ауылдың тұрғындары жергілікті биліктен күдер үзгелі қашан?! Сондықтан ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға өздері кіріскен. Мына құм төсеніштің ақысы мысалы, өз қалталарынан шыққан. Қоршау түсіп, бел ортасынан қиылған мына жолды да әкімдік емес, әлденеше рет өздері жасатыпты.

Қалдыбек Қалымқұлов, Қосшы ауылының тұрғыны:

- Жыл сайын топырақ төгеміз, камаз жалдаймыз. Енді не істейміз? Балалар жүреді, өзіміз жүреміз мына жерде. Көктемде келсең қайық керек  немесе трактормен жүру керек.

Енді одан да айрылған соң зығырданы қайнап, әкімді жағадан алуға шақ тұр. Енді қайтпек?! Жер біреуге сатылып кеткен. Талай жыл өздері жөндеп жүрген жол енді біреудің меншігінде. Жер қожайыны құжатым заңды, жер менікі дейді.

Рустам Карамысов, жер қожайыны:

-Сол жердің бас жоспарына қарасаңыз, Қосшыда алтыжолақты жол түседі. Ал менің жер телімім сол жолдың жанында он метр жерде жатыр. Менің құжаттарымның бәрі заңды. Жұрт ол жермен жүріп үйреніп қалған.

Ал айналып өтетін екінші жолдың сиқы мынау. Көлік жолы қырсыққанда қоқыс үйінділерінің қақ ортасынан түсіпті. Дені дұрыс жолды ауылдықтар тек келер жылы ғана көреді.

Сұлтан Орақбай, Қосшы ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:

-Бас жоспар бойынша жолымыз міне.  Атқора тұр алдымызда, соған  дейін жол өтеді. Қазір жобалық құжаты дайын бұл жердің. Келесі жылы бұл жерге толығымен жол түседі. 4 жолақты, екі жағынан тротуарымен, жарығымен,  «Алтын тағаға» дейін жол өтеді.

Оның да салынарына сенім аз. Өйткені, әкім әзірге жүріп-тұруға жарайтын тасжол салып береміз, оны осы сейсенбіде бастаймыз деп уәде еткен-ді. Ол сөзі жайына қапты. Сондықтан мыңдаған тұрғынға жол азабын тартуға тура келеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде