{metadescription}
Алматылық борышкерлер Ұлттық банк алдында шу шығарды
Алматылық борышкерлер Ұлттық банк алдында шу шығарды

Алматылық борышкерлер Ұлттық банк алдында шу шығарды

Біраздан бері үнсіз кеткен алматылық борышкерлер бүгін тағы шу шығарды. Баспана мәселесін жылдап шеше алмай жүрген бір топ тұрғын Ұлттық банктегі білдей бір басқарма басшысының қызметінен кетуін ашық талап еткен. Айтуларынша, лауазымды тұлға қарашаның мәселесін шешуге құлықсыз. Осы уақытқа дейін наразылық шараларының небір түрін өткізіп келгендер бұл жолы жанайқайларын ысқырықпен де жеткізді.

Борышкерлердің бой көрсетпей кетуі дауыл алдындағы тыныштық екен. Оны бүгінгі қарқындарынан-ақ байқауға болады. Өйткені, Ұлттық банкке жиналғандардың қабақтары қату. Айқайлары да тым ащы болды.

Гүлнар Сәбденова, борышкер:

-Мәселемізді шешпейтін шенеуніктер орнынан кетсін. Шаршатты әбден.

Қалың топтың ызасы бірінші кезекте Александр Терентьевке бағытталған. Ұлттық банктің бұл лауазымды тұлғасы өздерін уәдеге әбден тойдырған көрінеді. Бірақ іске келгенде олақтық танытқандықтан, қызметінен кетсін дейді.

-Терентьев отставкаға кетсін!

Ұлардай шулап жатқан  несиені қайта қаржыландыру бағдарламасына ілінбей қалғандар. Яғни, екінші деңгейлі банктер өтініштерін қабылдамай тастаған.

Сұлубике Жақсылықова, «Баспана халықта қалсын» қоғамдық қозғалысының төрайымы:

- Банкілер жұмыс істемей жатыр.   Терентьев бұрын айтатын бізге, «жарайды, шешеміз» деп, әйтеуір бірдеңе жұмыс істеген сыңай танытатын. Қазіргі таңда ең соңғы айтқан сөзі оның «Біз араласуға құқымыз жоқ». Қалайша?!

Борышкерлердің ашуына тиген Терентьев болса, тағы да өзінің шарасыз екенін айтады. Өйткені, бұлар кезінде несиеге қымбат пәтер алып, қарыздарын дер кезінде қайтармаған. Сөйтіп, банктердің сенімінен түбегейлі айырылыпты.

Александр Терентьев, Ұлттық банктің басқарма басшысы:

-Егер клиенттің өтініші заңсыз қабылданбаса, біз оның несиесін қайта қаржыландыруға банкті міндеттей аламыз. Бірақ еш көмектесе алмайтын кездеріміз де болады. Өйткені, кей борышкерлердің өздері қарыздарын дер кезінде қайтармай, қара тізімге ілінген. 

Соған қарамастан, бас банктегілер жыры бітпеген проблемалық борышкерлер мәселесін шешуге бар күштерін салмақ.

- Алайда, наразы халық мұндай сөздерге сенуден қалған. Сондықтан, қарсылық шараларын әлі де жалғастыра бермек. Айта кетерлігі, Ұлттық банкке келіп, айқайға басуға олар рұқсат алуды ұмытыпты. Сондықтан, бүгін арнайы жасақ өкілдері бір топ адамды полиция бөліміне тиеп әкеткен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде