{metadescription}
БҚО-да дымсыз қалған  тұрғындар  топан судан  қалай аман қалғандарын айтты
БҚО-да дымсыз қалған  тұрғындар  топан судан  қалай аман қалғандарын айтты

БҚО-да дымсыз қалған тұрғындар топан судан қалай аман қалғандарын айтты

9 сағат бойы тоқтаусыз жауған нөсерден зардап шеккен Батыс Қазақстан облысындағы Переметное кентінің тұрғындары әкім-қаралардан  көмек күтіп жүр. Аудан орталығында 20-дан аса жер үйге сол жауында топан су  белшеден кірген. Түн ішінде бастарын әрең  аман алып шыққан олар бүлінген дүние-мүліктерін енді қарап жатыр. Кейбірінің  баспанасы тұруға жарамсыз болып қалған.

Табиғаттың  тосын мінезінен осы жолы жұрт тосылып қалды. Өйткені сабалай жөнелген нөсер оңайлықпен  тоқтамаған. Көшелерді су басып, аяқ алып жүру мүмкін болмапты.  Тізеден келетін жауын суы лықсып үйлерге кіргенде жұрттан зәре кетіпті. Бұрын соңды мұндайды көрмеген Переметное кентінің тұрғындары жанталасып құтқару қызметтерін шақырыпты. Бірақ, су сорғыш көліктердің де күші жетпей,  енді міне, тасқын  зардабын шеккен халық кімнен көмек сұрарын білмей сабылып жүр.

Махтима Сәлімова, Переметное кентінің тұрғыны:

-Есіміз шығып кетті. Үйге су кіре бастағанда 4,6,8,9 жастағы балаларым ұйықтап жатқан. Айғайлап, оларды оятып көтеріп далаға шықтым. Құлап та қалдым. Дүние мүлікті қайдан ойлайсың. Ең бастысы балаларым аман. Бірақ, шиеттей баламен қайда барып паналарымды білмеймін. Ештеңем қалмады.

Лилия Бухова, Переметное кентінің тұрғыны:

-Әкімдікке бардық бізге цемент, құм,линолеум береміз дейді. Онымен не істейміз?. Еден көтеріліп, қабырғамыз сыпырылып жатыр. Жиһазымыз жарамсыз. Материалдық көмек керек. Бұның барлығы анау жаңа саябақ пен стадион салғаннан болды.арықтар жоқ. Жауапты адамдар соның бәрін ескермей ме? Біз сорлап қалдық қой.

Тұрғындардың айтуынша, жаңа нысандарды салу үшін құм,тас төсеп жерді біршама көтерген.Үйлер төменде қалған.Нөсер қатты болғандықтан арықтар бітеліп, су үйлерді басып қалған. Олар бұл жағдай тағы да қайталануы мүмкін, - дейді. Өйткені, қанша жауынды жаз болса да, бұрын соңды бұндай сұмдық болмаған. Ал аудан басшылары жер кепе ескі үйлер төменде тұрғандықтан осылай болды деп тұр.

Марат Залмұқанов, Зеленов ауданы әкімінің орынбасары:

- Ескі үйлер суға кеткен. 50-ші жылы 60-шы жылы саманнан  салынғандықтан  үйлер отырып қалған.Соған байланысты, енді кішкене жағдайлары қиын.Цементпен басқа да құрылыс материалдарымен  көмектесеміз.

Әзірге арнайы комиссия тасқыннан тұрғындарға келген шығынды есептеп жатыр. Ауа райын бақылау қызметіне жауын мөлшерін есептеуге тапсырыс та берген. Содан кейін ғана табиғат зардабын төтенше жағдайға жатқызса, көмек берілуі мүмкін. Әзірше, олар апатты жағдайдағы үйлерінде тұрып жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде