Шымкентте итін құтқармақ болған қыз токқа түсіп өлді
Суға түсем деп тоққа түсті. Шымкентте арық бойында итімен бірге серуендеп жүрген 14 жастағы қыз тоққа түсіп өлді. Қаланың қақ ортасымен ағып жатқан арнаға сол жердің тұрғындары бау-бақша суғару үшін электрлі насос орнатып тастаған екен. Ал, сол сорғылардың кейбірі техникалық қауіпсіздігі сақталмай тіпті суда жатады. Әуелі суға түскен иті өліп, артынша оны құтқармақ болған Валерия Носикованы да тоқ тартқан. Енді марқұмның туыстары мен қорқып қалған тұрғындар сор болған сорғыларды құртсын деп талап етіп отыр.
Автор: Бек Әбиев
26.07.2018
Қайғылы жағдай Шымкенттегі жаңадан салынған «Пахтакор» шағын ауданынан ағып жатқан мына арықта болған. Таңертең итімен бірге серуенге шыққан Валерия Носикованың әуелі төбеті суға түсіп, арықтағы электрсорғысына жақындағанда сеспей қатыпты. Артынша итін құтқармақ болған 14 жасар қызды да тоқ ұрған. Көмекке ұмтылған көршісі Руслан да тоққа түсіпті.
Руслан Әбдірайымов, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Насос суға тиіп тұрды. Тоқ ұрғанда өзім де білмеймін, амалдап аржаққа секіріп кеттім. Мен шығарған кезде аузынан көбік шыққан.
Ал, тоққа қосылған сорғылардың көмегімен мұндағы тұрғындар бау-бақшасын суарады. Үйге құбыр тартып әуреге түспей әрі мемлекетке ақша төлемей-ақ тегін су алу үшін. Енді ел электр сорғы қойғандар мен бала-шағасы үшін қорқатындар боп екіге бөлініп жатыр.
-Жергілікті жұрт бұл арнаны «ажал арығы» деп атап кеткен. Өйткені, Валерияның өліміне дейін де бұл арықтан үй жануарлары мен ит-құстың өлексесі жиі табылған екен. Ал, арнаның бойы мынадай электрге қосылған су сорғыларына тола екенін ескерсек алдағы уақытта да суға түсем деп тоққа түсетіндер саны әлдеқайда көбеюі мүмкін.
Алтынай Қалымқұлова, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Күндіз моторды қоймау керек, алып тастасын. Өкіметтің суы бар ғой, бақшасын солай суарсын.
Ал, Гончаренколар отбасы болса Валерияның суретіне қарап егілгеннен басқа шарасы жоқ. Асырап алған екі қыздың кенжесі Валерия Носикова туғанымнан артық еді деп қанжылаған туыстары полицейлердің бұл істегі енжарлығына да қапалы.
Константин Гончаренко, марқұмның әкесі:
-Қайғылы оқиға болған күні тергеуші екі күннен сізді шақырамыз деп кеткен. Одан кейін 9 күн өтті. Әлі хабар жоқ. Жалдаған адвокатымызда бірнеше күн оны таба алмаған еді. Қызымның өліміне себепші болған электрлі моторда сараптамаға жіберілмей, әлі тергеушінің кабинетінде жатқанын сол қорғаушымыздан есіттік. Сонда бұл қалай болғаны?!
Ал, полицейлер болса әдеттегідей өздеріне шаң жуытпайды. Сараптамалар тағайындап, «абайсызда қаза келтіру» бабы бойынша қылмыстық істе қозғадық дейді.
Ғалымжан Қайып, Еңбекші АПБ аға тергеушісі:
- Болжам бойынша каналда орнатылған насостың техникалық ақауына байланысты тоқ ұрған. Сол себептен өлім болған да. Бұл абайсызда деп болжам.
Сараптаманың қортындысын әлі біраз күтуге тура келеді. Алайда, «ажал арығының» маңындағы жұрт сор болған сорғыларды толық тексеріп, өмірге қауіп төндіріп жатқан құрылғыларды құртсын деп құзырлы органдарға жаппай шағым түсірмекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!